Бұрынғы күйеуі жақындарын өлтірген Ақбаян Мұқанғалиева қазіргі жағдайы туралы айтып берді

Бұрынғы күйеуі жақындарын өлтірген Ақбаян Мұқанғалиева қазіргі жағдайы туралы айтып берді
Фото: коллаж politico.kz

Бұрынғы күйеуі жақындарын өлтіріп, өзін шетелге алып қашқан Ақбаян Мұқанғалиева басынан өткен ауыр күндерден соң қазіргі жай-күйімен бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.

KTK арнасының мәліметінше, ол ата-анасының, ағасы мен әпкесінің қаза тапқанынан әлі күнге дейін бейхабар. Қазір әйелдің басты арманы мен мақсаты — балалар үйіне уақытша орналастырылған бес баласын өз қамқорлығына алып, шаңырағына қайтару. Осыған байланысты туыстары Ақбаянға қолдау көрсетіп, ем-домын жалғастыру үшін қажет қаражатты жинауға көпшіліктен көмек сұрап отыр. 

Елді дүр сілкіндірген сұмдық оқиғадан кейін Ақбаян өмірге қайта бейімделуге тырысып жатыр. Қазір ол жақындарының қасында, үй жағдайында ем қабылдап, оңалту шараларынан өтуде. Туыстарының айтуынша, оның толық сауығып кетуіне әлі көп уақыт қажет. Олар әйелдің аяққа тұрып, есін толық жинауына барынша жәрдемдесіп жүр. Алайда жақындары «бір күні ата-анасы, ағасы мен әпкесінің қайда екенін сұраса не айтамыз» деп қатты алаңдайды.

Мамандар Ақбаянға бұл қаралы хабардың мән-жайын әзірге жеткізбеуге кеңес берген. Бұл туралы оның туысы Әсилә Мұқанғалиева айтып берді.

«Мамандар Ақбаянның шындықты естуге әлі дайын емес екенін айтты. Сондықтан әзірге ештеңе айтпай отырмыз. Ертең-ақ бәрін жайып салсақ, оның жағдайы не болмақ? Қайтадан жанын жаралап аламыз ба деп қорқамыз. Сондықтан әзірге күтіп, аяққа тұрып кетуіне мүмкіндік бергіміз келеді», — дейді ол.

Ақбаян Мұқанғалиева басынан кешкен ауыр соққылардан соң психикалық денсаулық орталығына түскен еді. Оның бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемалиев марқұмдарды өлтіргеннен кейін, Ақбаянды ертіп Индонезияға қашып кеткен. Алғашқы кезде әйелдің өзіне де күдік түскенімен, олар табылған сәтте Ақбаянның халі мүшкіл екені, айналасында не болып жатқанын мүлдем түсінбейтін ес-түссіз күйде болғаны анықталған. Мәлімет бойынша, ол бесінші баласын өте ауыр жағдайда босанған. Кейін күрделі ота жасалып, салдарынан өмірінің біраз бөлігі жадынан өшіп қалған. Жүргізілген психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша оған тағылған күдіктің бәрі сейілді.

Қазір әйел балаларының аты-жөні мен туған күндерін жатқа біледі. Апта сайын балалар үйіне барып, ұл-қыздарын көріп тұрады және оларды үйіне қайтарып алуды көздейді.

 «Кішкентай жылайды. «Мені алып кетші» деп сұрайды. Үлкендері бәрін түсінеді. Аптасына екі рет психологқа барамын. Әзірге басқа жерде ем қабылдап жүрген жоқпын. Кейде басым ауырады, бірақ кейін басылады», — дейді Ақбаянның өзі.

Туыстарының сөзіне сенсек, ол бұрынғы өмірін ұмытпаған, жақындарын да бірден таниды. Бірақ бесінші сәбиі дүниеге келгеннен кейінгі кезең есінде жоқ. Дегенмен қазір жағдайы біртіндеп түзеліп келе жатқандықтан, оған білікті дәрігерлер мен мамандардың көмегі аса қажет.

Ақбаянның туысы Шалқар Мұқанғалиева қазір ең бастысы — оның бойындағы өмірге деген құлшынысты қайта ояту екенін атап өтті.

 «Ақбаянның өмір сүргісі келмей қалды. Енді оның бойындағы өмірге деген құлшынысты қайта оятуымыз керек. Алматыға немесе Астанаға апарып, білікті мамандарға көрсетсек пе деп ойлап жүрміз. Бірақ оны апарып, емдету үшін қаражат қажет. Өз күшімізбен ондай соманы жинай алмай отырмыз», — деді ол.

Осы себепті туыстары халықтан және жанашыр жерлестерінен қаржылай жәрдем сұрайды. Олар Ақбаян толық сауығып шықса, бес баласын балалар үйінен қайтарып алып, отбасы қайтадан бір шаңырақ астында бақытты күн кешеді деп үміттенеді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу