Бұрынғы полиция қызметкері әйелін атып өлтірді
Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында бұрынғы милиция (полиция) қызметкері экс-жұбайын өлтірді деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды politico.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, 23 желтоқсан күні милицияға Бішкек тұрғыны жүгініп, әпкесін іздеуге көмектесуді сұраған. Әйелдің айтуынша, сол күні оның 47 жастағы әпкесі күйеуімен ресми түрде ажырасып, соттан кейін жұмысқа кеткен. Алайда кейін бұрынғы күйеуі оны күштеп көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен.
Тергеу барысында анықталғандай, сол күні кешкі сағат 21:40 шамасында 102 қызметіне Свердлов ауданындағы Боконбаев көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің пәтерінен атыс дауысы шыққаны туралы хабар түскен.
Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында жанжал болғанын анықтаған. Қақтығыс ажырасу процесінің аясында туындаған. 48 жастағы ер адам өзіне заңды түрде тіркелген МР-79 маркалы травматикалық тапаншамен бұрынғы әйеліне оқ атқан. Әйел алған жарақаттарынан сол жерде қаза тапқан.
Аталған факті бойынша Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 122-бабы («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, Бішкек қалалық ІІБ-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ұсталған сәтте ер адам мас күйде болған. Белгілі болғандай, ол бұған дейін Бішкек қаласының жол-патрульдік қызметінде инспектор болып жұмыс істеген.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Оқиғаның өзге де мән-жайы анықталуда.
Соңғы жаңалықтар