Бұрынғы ҰҚК қызметкерлері сотталды
ҰҚК Шекара қызметі департаменті басқармасының жедел уәкілдері шетел азаматын шекара режимін бұзғаны үшін елден шығарып жібереміз деп қорқытып, мәселені «бастыққа берілетін миллион теңге» арқылы шешуді ұсынған. Бұл туралы сот үкімінде айтылған, деп хабарлайды Politico.kz «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, кейін ҰҚК қызметкерлері екі жедел уәкілді де ұстаған. Сот оларды бірнеше жылға бас бостандығынан айырды, деп жазады
Іс материалдарына сәйкес, Батыс Қазақстан облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің анықтау бөлімінде Әзербайжан азаматына қатысты қылмыстық іс тергелген. Ол мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өтті деген күдікке ілінген.
Анықтаушы Шекара қызметі департаментінің қарсы барлау және барлау қызметі басқармасының жедел уәкіліне шетелдікке көмектескен адамдарды анықтауды тапсырған.
Осылайша жедел уәкіл Жасұлан Оңдабай Әзербайжан азаматының екі танысын тауып, олардан куәгер ретінде жауап алған. Олар күдіктімен бірге Батыс Қазақстан облысындағы Жақсыбай шекаралық ауылында болғанын айтқан. Куәгерлердің бірі Қазақстан азаматы, екіншісі Әзербайжан азаматы болған.
Осыдан кейін жедел уәкіл шетел азаматын мемлекеттік шекара режимін бұзғаны үшін әкімшілік жолмен елден шығарылуы мүмкін деп қорқытып, миллион теңге берсе, жазадан құтылуға болады деп алдауды жоспарлаған. Оның айтуынша, ақшаны әлдебір «бастық» алуы тиіс болған.
Ондабай бұл жоспарын сол басқармада жұмыс істейтін әріптесі Жандос Ахметбековке айтқан. Ол да қылмысқа бірге баруға келіскен.
Кездесу кезінде Ондабай шетелдікке Қазақстаннан шығарылуы мүмкін екенін айтып, миллион теңге берсе, мәселені шешуге болатынын жеткізген. Ол ақшаны белгілі бір «бастық» алатынын жеткізген.
Шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылмау үшін ақша беруге дайын екенін білдірген. Кейін Ахметбеков оған Ресей банктерінің бірқатар деректемесін берген. Шетелдік сол шоттардың біріне 30 мың рубль аударған.
Кейін ҰҚК қызметкерлері Ондабай мен Ахметбековті ұстаған. Оларға алаяқтық жасау және пара беруге айдап салу баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сот отырысы Ақтөбе гарнизонының әскери сотында өтті. Айыпталушылар өздеріне тағылған қылмысты мойындамаған.
Жуырда сот үкімі жарияланды. Судья Мәмбетқазиева Жасұлан Ондабайды 8 жылға, ал Жандос Ахметбековті 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Сонымен қатар екеуіне де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.
Сот үкімі оқылған кезде сотталушылардың бірі ашуға беріліп, соттың түсіндірмесін тыңдаудан бас тартқан. Екеуі де өздеріне тағылған қылмысты жасамағанын мәлімдеді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар