«Бүйрегі істен шықты, бауыры сыр берді»: Жаңаөзенде 3 жасар бала 18 күннен бері ес-түссіз жатыр

24.09.2026 14:37 Мөлдір ҚАЙНАР
«Бүйрегі істен шықты, бауыры сыр берді»: Жаңаөзенде 3 жасар бала 18 күннен бері ес-түссіз жатыр
123
Фото: Shutterstock

Жаңаөзен қаласында үш жасар бүлдіршін аурухананың жансақтау бөлімінде 18 күннен бері комада жатыр. Баланың нақты диагнозы әлі белгісіз. Шарасыз қалған туыстары видеоүндеу жариялап, елордадан келген білікті мамандардан көмек сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бүлдіршіннің анасы Гүлемай Ислиеваның айтуынша, 3 жасар ұлы Абылай Серікұлының дене қызуы көтеріліп, Жаңаөзен қалалық балалар ауруханасының инфекциялық бөліміне жеткізілген.

«Тиісті медициналық көмек дұрыс көрсетілмегендіктен, қазір балам реанимацияда өлім мен өмірдің арасында жатыр. Бүгінге дейін 18 күн өтті, ем жүргізілгенімен еш оң нәтиже жоқ. Ақтауға Астанадан арнайы инфекционист, реаниматолог және нефролог мамандары келді деп естідік. Баламды шұғыл түрде сол мамандарға қаратса екен», – дейді анасы.

Баланың туысы Гүлжан Бөлекбаева жағдайдың қалай ушығып кеткенін баяндап берді. 3 қыркүйекте дәрігерлер «тұмау» деп антибиотик жазып, үйіне қайтарған. 5 қыркүйекте қызуы қайтпай қайта түскен кезде апта соңы болғандықтан, дәрігерлер болмаған. Түстен кейін балада құрысу (судороги) басталғанда ғана шұғыл КТ жасалған.

«Алдымен гематома деп реанимацияға салды. Екі күннен кейін геморрагиялық инсульт, сосын ишемиялық инсульт деді. Жұлын сұйықтығын тексеруге рұқсат сұрап, пункция алды. Нәтижесі 3 күннен соң шығып, енді бірде менингит, бірде герпес вирусы, сосын энцефалит деді. Соның салдарынан бүгінде 18 күн бойы комада жатқан баланың бүйрегі істен шығып, енді бауыры сыр беріп жатыр», – деп дабыл қақты туыстары.

Қазіргі уақытта кішкентай Абылайды өзге қалаға тасымалдау мүмкін емес, ал туыстары кейбір дәрі-дәрмектерді (соның ішінде ацикловирді) өз қаржыларына сатып алып отырғандарын жеткізді.

Мәселе желіде қоғамдық резонанс тудырған соң, 24 қыркүйекте елордалық мамандар Жаңаөзенге шұғыл жетті. Туыстары сәбидің өмірін аман алып қалудан әлі де үмітті.

Войдите, чтобы оставить комментарий