"Былтыр әйелімнен, енді ұлымнан айырылдым" -Шымкентте төбелесте қаза тапқан жігіттің әкесі
Шымкентте жол-көлік оқиғасынан кейін болған атышулы төбелесте қаза тапқан Василий Колесниковтың әкесі ұлының қандай адам болғанын айтып, басынан өткен ауыр қайғыны жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмның әкесі Александр Колесников ZTB журналистеріне берген сұхбатында бір жылдың ішінде екінші ауыр қазаға душар болғанын жасырмады: алдымен жары өмірден озған, енді ұлынан айырылған.
Әкесі Василийді күшті, еңбекқор әрі айналасына бейжай қарамайтын адам ретінде еске алады.
«Оның орнын біздің отбасымыз қатты сезінеді. Көршілерге көмектесетін, бірдеңе көтеру керек болса, қасынан табылатын. Өзі мығым еді, күрестен спорт шебері болды. Балаларға ақыл айтып, жол көрсететін. Алдымен әйелімнен айырылдым, енді ұлым кетті. Бірақ оны бір оңбаған ұрып өлтірді», – деді ол көз жасын тыя алмай.
Әкесі ұлының отбасындағы мүгедектігі бар кішкентай балаға ерекше қамқор болғанын да ерекше атап өтті.
«Қайда барса да, оған бірдеңе әкелетін. “Не алып келейін?” деп үнемі сұрайтын», – дейді ол.
Марқұмның артында жары мен бір баласы қалды.
Айта кетейік, Александр Колесников – Қазақстанға танымал жаттықтырушы, сондай-ақ қазақстандық ММА жауынгері Бекзат Жасиятің алғашқы тәлімгері ретінде де белгілі.
Еске салайық, жол-көлік оқиғасы 20 қаңтар күні кешке Шымкент қаласындағы Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған. Toyota Camry көлігі (821 BCU 13) бағдаршамда тұрған Hyundai Sonata (996 AVO 17) автокөлігін жеңіл соққан. Осыдан кейін Camry-ден үш жас жігіт жүгіріп шығып, тараптар арасында жанжал туындаған. Соңы қайғылы жағдаймен аяқталды.
Соңғы жаңалықтар