«Бюджет айыппұлдың ақшасына мұқтаж емес» – Салтанат Әзірбек

«Бюджет айыппұлдың ақшасына мұқтаж емес» – Салтанат Әзірбек
Фото: Бейнеден кадр

Алматы полициясы жүргізушілерге айыппұл мемлекеттік бюджетті толтыру үшін салынады деген пікірмен келіспейді. Қалалық полиция департаментінің өкілі Салтанат Әзірбек мұны шындыққа жанаспайтын әңгіме деп атады, деп хабарлайды Politico.kz.

Полиция полковнигі бұл туралы танымал блогер, медиаменеджер Әлішер Елікбаевқа берген сұхбатында айтты. Бейнежазба блогер мен полицияның YouTube арналарында жарияланды.

Сұхбат барысында Елікбаев жүргізушілердің айыппұлға қатысты шағымын жеткізді. Оның айтуынша, кейбір жүргізушілер Қазақстанды тіпті «Штрафстан» деп атай бастаған.

«Бюджетте ақша жетіспей жатқандай көрінеді. Сіздер де тым қаталдық танытып, айыппұлды оңды-солды жаудырып жатқандайсыздар», – деді блогер.

Ал Салтанат Әзірбек айыппұл арқылы бюджет тапшылығын жабу көзделмегенін айтты.

«Жоқ, бұл – аңыз. Кейбір адамдар айыппұлдың есебінен бюджетті толтырғысы келеді деп ойлайды. Бірақ бюджет бұған мұқтаж емес. Мен экономика саласының маманы емеспін, әрине. Дегенмен бюджетті толтыратын басқа да кіріс көздері бар. Ал ақшалай жазалау бұрыннан қолданылып келеді. Өкінішке қарай, қазір көп адамды айыппұлмен қорқыту да қиын. Менің ойымша, заңбұзушылыққа сай айыппұлдар барлық дамыған елде бар», – деді полиция өкілі.

Сұхбатта көлікте қауіпсіздік белдігін тақпағаны және телефон пайдаланғаны үшін айыппұл салу мәселесі де қозғалды. Әзірбек мұндай талаптардың не үшін енгізілгенін түсіндірді. Сондай-ақ электросамокаттар мен мопедтерге қатысты жол қозғалысы ережелерінің қатаңдатылуына тоқталды.

Әлішер Елікбаев пен Салтанат Әзірбек сұхбат барысында Алматыдағы қауіпсіздік, 102 қызметінің жұмысы, есірткімен күрес, түнде ата-анасыз жүрген балалар, интернет алаяқтық, әлеуметтік желіде балағат сөз қолданатын блогерлерді жауапқа тарту және интим қызмет ұсынылатын «Қыздар.net» сайтына қатысты мәселелерді де талқылады.

Еске салайық, былтыр Ішкі істер министрі Ержан Сәденов те подкасттардың бірінде полиция қызметкерлері айыппұл арқылы мемлекеттік бюджетті толтырып жатыр деген пікірге қатысты түсініктеме берген еді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу