«Өз гүлім»: Блогер Нұрхан Нұрмаханбет Дубайдағы даулы суретіне қатысты жауап берді
Танымал блогер әрі жас кәсіпкер Нұрхан Нұрмаханбеттің Дубайдағы қонақүй бөлмесінде үлкен гүл шоғымен түскен суреті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Politico.kz.
Блогер бұл фотоларды Instagram парақшасында жариялап, алғыс білдірген. Алайда Instagram, Threads және TikTok қолданушыларының бір бөлігі ер адамға гүл сыйлағанына таңғалып, оның суретке түскен қалпын сынға алды. Тіпті желіде «демеушісі бар», «сатылып жүр» деген негізсіз қауесеттер тарады.
Орынсыз пікірлер көбейген соң Нұрхан Нұрмаханбет арнайы видеоүндеу жариялап, мән-жайды түсіндірді:
«Бүгін таңертең тұра сала Instagram-ға кірсем, телефоным жарылып жатыр. Біріңізден біріңіз өтіп, ауыздарыңызға келгенді жазып жатырсыздар. Threads-те, Instagram-да, TikTok-та «Ойбай, Нұрханға гүл келіпті», «Нұрханның демеушісі бар», «Нұрхан сатылып жүр», «Нұрханға гүлді не үшін береді? Бұл ер жігітке тән қасиет емес» деген сөздер тарап жатыр. Құрметті оқырмандар, артық кетсем, кешіріңіздер. Бірақ менің де өз өмірім, өз шекарам бар. Бұл видеоны өзімді қорғау үшін де, ақталу үшін де түсіріп тұрған жоқпын», — деді блогер.
Оның айтуынша, интерьер дизайнымен айналысатындықтан, әдемі дүниелерді ұнатады. Ал гүл шоғын Дубайға келген құрметіне жергілікті қыз достары арнайы жіберген:
«Мен шығармашылықтың адамымын. Интерьер дизайнымен, соның ішінде перде сәндеумен айналысамын. Әдемілікті жақсы көремін. Бұл гүлді маған Дубайдағы достарым жіберді. «Достарым» дегенде тағы басқаша ойлап қалмаңыздар. Нақтылап айтайын, қыз достарым жиналып, осындай гүл жіберген. «Дубайға қош келдің!» деп жылы лебіздерін білдірді. Мені қыдыртты, қонақүйіме гүл жіберді. Бұл – сыйластықтың белгісі, достар», — деп нақтылады ол.
Сөз соңында жас кәсіпкер оқырмандарынан жеке өміріне құрметпен қарауды сұрап, алыпқашпа әңгімелерге нүкте қойды:
«Мән-жайды білмей жатып, артық кетіп, маған неше түрлі сөз жазып жатырсыздар. Өздеріңізге күнә жинамаңыздар. Әркімнің өз ақылы, өз өмірі бар. Мұны ақталайын деп айтып жатқан жоқпын. Бұл видеоны сіздер түсінсін деген мақсатта түсіріп отырмын. Ешқандай жігітпен жүрмеймін. Бұл гүлді маған жігіт жіберген жоқ», — деді Нұрхан Нұрмаханбет.
Соңғы жаңалықтар