Дана Нұржігіт: Меруерт Өтекешованың жағдайы – ақылға сыймайтын әділетсіздік
Тележүргізуші Дана Нұржігіт актриса Меруерт Өтекешованың Майя Бекбаеваға берген сұхбатына қатысты әсерін білдіріп, оның қазіргі жағдайы көңіліне ауыр тигенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Журналист сұхбатты көргеннен кейін ерекше толқығанын жасырмай, өнер иесінің қарапайым өмір сүріп жүргенін бұрыннан сезгенімен, елордада жалдамалы пәтерде тұратынын естігенде таңғалғанын жеткізді.
«Меруерт Өтекешованың сұхбатын көріп, жүрегім қарс айырылды. Интеллигенция туралы айтқанда дәл осындай адамдарды меңзеймін. Сұлу келбет, нәзік болмысымен қатар, Алла оған үлкен сынақ та берген екен. Оның қарапайым өмір сүріп жүргенін сезетінмін, бірақ Астанада пәтер жалдап тұратынын естігенде таңғалдым. Бұл – ақылға сыймайтын әділетсіздік», – деді Дана Нұржігіт.
Сондай-ақ ол актрисаның қазақ өнеріне қосқан үлесін ерекше атап өтіп, Қыз Жібек фильмін сақтап қалудағы еңбегіне тоқталды. Оның айтуынша, сол кезеңде қор құрып, фильмді Мәскеудегі архивтен қайта алдыру – үлкен ерлікпен пара-пар іс болған.
«Горбачевтың заманында қор ашып, бір тиынын шашпай, “Қыз Жібек” фильмін Мәскеудегі архивтен қайта жаздырып, елге жеткізген ерлігін айтсаңызшы. Бұл – үлкен еңбек», – деді ол.
Бұдан бөлек, тележүргізуші актрисаның елордада Қыз Жібек пен Төлегенге ескерткіш орнату бастамасын жоғары бағалап, өнер адамдарына құрмет тек сөзбен емес, нақты қолдаумен көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.
«Ең үлкен құрмет – Қыз Жібегіміздің жағдайын жасап, оған лайықты өмір сыйлау. Бұл буын ешқашан қол жаймайды, барға қанағат етіп, жоққа шүкір дейді», – деп түйіндеді Дана Нұржігіт.
Соңғы жаңалықтар