"Дайынмын": Трамптың мәлімдемесінен кейін Зеленский сайлауға қатысты өз ұстанымын білдірді

10.12.2025 13:57 Арман Ермеков
0
190
Фото: Zelenskiy

Украина президенті Владимир Зеленский халықаралық серіктестер қауіпсіздікке кепілдік берген жағдайда, елде президенттік сайлау өткізуге қарсы емес екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы қазіргі соғыс жағдайында саяси науқанды ұйымдастыру үшін заңнамалық өзгерістер күтетінін жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

9 желтоқсан күні өткен онлайн-брифингте журналистер Зеленскийге АҚШ тарапынан сайлауға қатысты қандай да бір қысым жасалды ма деген сұрақ қойды. Сондай-ақ, делегациялар арасында болашақ сайлау мәселесі талқыланған-талқыланбағанын нақтылауды өтінді.

Бұл сауалға жауап берген Украина басшысы сырттан ешқандай пәрмен болмағанын, барлығы тек халықтың қалауымен шешілетінін алға тартты.

«Мен бұл тақырыпты талқылаған жоқпын. Украинадағы сайлау мәселесі, ең алдымен, өзге мемлекеттердің емес, өз халқымыздың еншісіндегі дүние. Серіктестерімізді қатты құрметтеймін, әрине. Бірақ ашығын айтсам, мен сайлауға дайынмын», – деді Зеленский.

Дегенмен, ел президенті саяси доданы өткізу үшін ең алдымен екі түйткілді мәселені шешу керектігін айтты. Біріншісі – қауіпсіздік. Яғни, зымыран астында халықтың және алғы шептегі әскерилердің қалай дауыс беретінін шешу қажет. Екіншісі – сайлаудың легитимділігін қамтамасыз ететін заңнамалық негіз.

«Қазір АҚШ пен еуропалық әріптестерден сайлау кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесуін сұраймын. Егер бұл мәселе шешілсе, алдағы 60-90 күн ішінде Украина саяси науқанды өткізуге сақадай сай болады. Менің бұған жеке ерік-жігерім де, дайындығым да жетеді», – деді Зеленский.

Осыған орай, Зеленский парламенттегі өз фракциясы мен депутаттарға тапсырма жүктеді. Ол халық қалаулыларынан соғыс жағдайында сайлау өткізуге мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер мен ұсыныстар дайындауды сұрады. Президент Украинаға оралған бетте серіктестер мен депутаттардан нақты шешімдер күтетінін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп сұхбатында Украинадағы соғыс қимылдарының жалғасып жатқанына қарамастан, елде жаңа президенттік сайлау өткізетін уақыт келгенін мәлімдеген болатын.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий