Денсаулық сақтау министрлігі халыққа "243 млрд теңге салық салуды" қарастыруда

Денсаулық сақтау министрлігі халыққа
22.02.2024 16:23
0
69
Медсақтандыру жарналары мен аударымдарының көлемін бірден 5 есе көтеру бастамасы бизнес пен бұқараның ашынысын туғызды. "ҚР денсаулық сақтау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы айналасындағы қызу пікірталастар жалғасуда. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған бұл құжат қолданыстағы реттеуді қатайтады. Атап айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдарды есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыстың жоғарғы шегін қазіргі 10 ең төменгі жалақы сомасынан 50-ге дейін ұлғайтады. Яғни, заң күшіне енген соң, азаматтардың жалақысынан, табыстарынан ұсталатын медсақтандыру жарнасының жоғарғы шегі қазіргі 850 мың теңгеден бірден 4 млн 250 мың теңгеге дейін күрт өсіріледі. Бұл әсіресе, шағын және орта бизнеске соққы болмақ.
"Халықаралық тәжірибеде МӘМС жарналары мен аударымдарын есептеу үшін жоғарғы шекті белгілеу қарастырылмаған. Әлеуметтік әділдік қағидатын қамтамасыз ету үшін зейнетақы жарналарына ұқсастырып, МӘМС шегін ең төменгі жалақының 10-нан 50-ге дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды", – делінген министрліктің Парламентке заң жобасымен қоса ұсынатын салыстыру кестесінде.
Алайда министрліктің қоғамдық талқылауға ұсынған талдауында үлгі ретінде Америкадағы шектің алынғаны көрсетілген.
"Халықаралық тәжірибеде негізінен әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты салықтардың жоғарғы шегін белгілеу қолданылады. Мұнда ең танымал үлгі – АҚШ-тағы Social Security Tax бола алады. Бұл әлеуметтік қамсыздандыру салығы арқылы зейнетақылар, мүгедектік бойынша жәрдемақылар және асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақылар қаржыландырылады. 2024 жылғы жағдай бойынша әлеуметтік қамсыздандыру салығының ставкасы 12,4%-ды құрады. Бұл салықтың жартысын не 6,2%-ын жұмыс беруші төлейді. Қалған 6,2%-ы қызметкердің мойнында. Бұл салық қызметкерлер алған барлық кірістерге, соның ішінде жалақыға, сыйлықақыларға, бонустарға және басқасына есептеледі", – деп түсіндірді өз талдауында ДСМ Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаментінің басқарма бастығы Исатай Мыңбаев.
Министрліктің мәліметінше, бұл ретте Америкада 1 қызметкердің жылдық кірісінің салық салынатын шегі бар. Одан асқан табыстан салық алынбайды. 2023 жылы мұндай жылдық шектеу – 160 200 АҚШ долларын құрады. 2024 жылға арналған жылдық лимит – 168 600 доллар болып отыр. Яғни, былтырғыдан 0,2%-ға өскен.
"Құрама Штаттарда әлеуметтік қамсыздандыру салығы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 168 600 долларға дейінгі таза табысына да қолданылады. АҚШ-тағы әлеуметтік қамсыздандыру салығының лимиттері жыл сайын өсіп отыратын Ұлттық жалақы индексіндегі (NAWI) өзгерістерге негізделген", – деп хабарлады ДСМ.
Бұл жерде Америкада "Ұлттық жалақы индексінің өсіп отыратыны" назар аудартады. Ендеше жыл сайын байи түсетін америкалықтарды қазақстандықтармен салыстыру қаншалықты әділетті? Бухгалтер-кеңесші Елена Назарова ауқатты Американың салықтық үлгісін Қазақстан басшылыққа алмауға тиістігін айтады.
"The Wall Street Journal жазыпты, қазіргі кезде АҚШ-та 700-дей миллиардер, 23 миллиондай (!) миллионер тұрып жатыр. Қазақстанда миллиардердің кім екенін бүкіл ел біледі, себебі, оларды бір қолдың саусақтарымен санап шығуға болады. Халық пен бизнестің салық жүктемесін арттыруға әр саладағы шенеуніктердің құлшынуы қорқытады. Таяуда ғана Президенттің айтуымен, қосылған құн салығын (ҚҚС) 16%-ға дейін арттыруға тыйым салынғанда, жеңіл күрсініп едік, енді жаңа Денсаулық сақтау министрінің МӘМС жарналары мен аударымдары бойынша шекті көлемді 5 есеге арттыруды қолдайтынын естіп, ұнжырғамыз түсіп кетті", – деді сарапшы.
Елена Америкада барлық дерлік маңызды медициналық емдеу шараларын медсақтандыру қамтитынына, дәрі-дәрмек тегін берілетініне назар аудартты. Қазақстанда медикамент тегін берілмек түгіл, медсақтандырылған азаматтар тісін тегін емдете алмайды. Салдарынан ақылы тіс клиникаларында миллиондап шығындалуға мәжбүр. Оның түсіндіруінше, 2023 жылы ескі шек аясында медсақтандыру бойынша ең жоғарғы жарна мен аударым айына 21 000 теңгені құрапты.
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или