Депутаттың айлығы қиыла ма? Құрылтайдағы жаңа талаптар белгілі болды
Құрылтай депутаты Дания Еспаева депутаттық әдеп талаптарын бұзған жағдайда қандай жаза қолданылуы мүмкін екенін түсіндірді. Кей жағдайда депутат бір күндік жалақысынан айырылса, себепсіз жұмысқа келмегені үшін жалақысы мүлде төленбеуі мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz.
Дания Еспаева брифинг барысында депутаттық әдеп нормаларына қатысты талаптар туралы айтып берді.
Оның айтуынша, депутат сөз сөйлеген кезде әріптестерін немесе өзге адамдарды балағаттап, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуі керек. Сондай-ақ депутаттың сөзін негізсіз ескерту жасап бөлуге жол берілмейді.
Әдеп талаптары тек Құрылтай отырыстарында ғана емес, депутаттың қызметтен тыс уақытындағы әрекеттеріне де қатысты.
«Депутат жоғары моральдық ұстанымдарға сай болуы керек. Оған қойылатын талап та жоғары. Сондықтан ол жұмыс орнында немесе Құрылтайдан тыс жерде жүргеніне қарамастан, іскерлік әдеп нормаларын сақтауы тиіс», – деді Еспаева.
Сонымен қатар депутат көпшілік алдында сөйлегенде және сауалдарға жауап бергенде тек тексерілген, нақты ақпаратты ұсынуы қажет.
Қандай жаза қарастырылған?
Депутаттық әдеп нормаларының сақталуын бақылау үшін Құрылтай жанынан арнайы кеңес құрылған. Ол депутаттардың әрекетіне қатысты келіп түскен өтініштер мен шағымдарды қарайды.
Регламентке сәйкес, әдеп кодексін бұзған депутатқа мынадай тәртіптік шаралар қолданылуы мүмкін:
- сөгіс жариялау;
- жария түрде кешірім сұрату;
- бір отырыста сөз сөйлеу құқығынан айыру;
- үш отырыс бойы сөз сөйлеу құқығынан айыру;
- бір отырысқа залдан шығару;
- үш отырысқа залдан шығару;
- бір күндік жалақысынан айыру.
Осылайша, депутаттық әдеп талаптарын бұзғаны үшін ең қатаң тәртіптік шаралардың бірі – бір күндік жалақысынан айыру.
Себепсіз үш рет келмесе не болады?
Депутаттың Құрылтай жұмысына қатысуына да нақты талап қойылған.
Егер депутат Құрылтайдың, оның үйлестіруші немесе жұмыс органдарының отырыстарына дәлелді себепсіз үш реттен артық қатыспаса, жұмысқа келмеген күндері үшін жалақы төленбейді.
Ал депутат бір айдан астам уақыт бойы жұмыс орнында болмаған жағдайда оған бірқатар қызметтер көрсетілмейді.
Мұндай жағдайда депутатқа:
- жалақы төленбейді;
- көлікке арналған жол жүру құжаттары кезектен тыс сатып алынбайды;
- іссапарға жіберілмейді;
- іссапар шығындары өтелмейді;
- автокөлік қызметі көрсетілмейді;
- емдеу-сауықтыру және санаторий-курорттық қызметтер ұсынылмайды.
Құрылтай депутаты үшін де жұмыс тәртібі мен депутаттық әдеп талаптарын сақтау міндетті. Ережені бұзған жағдайда оның арты тәртіптік жазаға, тіпті жалақыдан қағылуға дейін баруы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар