Динара Сәтжан арғы атасы туралы айтты

Журналист, тележүргізуші әрі кәсіпкер Динара Сатжан Жеңіс күніне орай Instagram парақшасында арғы атасы Сәтжан Тоқанов жайлы естелігімен бөлісіп, өзінің тегінің шығу тарихын баяндады, деп хабарлайды POLITICO.KZ Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, арғы атасы Сәтжан Тоқанов 1942 жылы 35 жасында Атасу ауылындағы колхоз төрағасы болып жүрген жерінен майданға аттанған. Сол кезде оның артында жары Үмітжан мен үш ұлы – Амангелді, Хамза және Далабай қалған. Және дәл сол уақытта Үмітжан апасы жүкті болған.
«Қыз туса – жолын тосып, «Орал» деп қоямын депті. Қазақша «орал» – «қайтып кел» деген үмітті білдіреді. Ақыры 11 тамыз 1942 жылы «Сәтжан Тоқанов қаза тапты» деген қара қағаз келіп, үй ішін қайғы басты. Алайда бұл ақпарат расталмаған екен. Арғы атам ауыр жараланып, ұзақ уақыт госпитальда жатып, қайта майдан даласына оралыпты. Берлинге дейін жетіп, 1945 жылдың тамызында елге үшінші топ мүгедегі болып оралды», – деп жазды Динара Сатжан.
Журналист осылайша өзінің Сәтжан деген тегінің арғы атасының есімімен тікелей байланысты екенін де атап өтті.
Соңғы жаңалықтар





