"Дұға жасап қойыңыздаршы": ақын Серікзат Дүйсенғазы оқырмандарынан көмек сұрады
Танымал айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы әкесінің 83 жасқа толған туған күнінде жүрекжарды жазба жариялап, сырқаттанып жатқан асқар тауы үшін елден дұға тилеуді өтінді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақынның айтуынша, анасы дүниеден өткеннен кейін әкесінің денсаулығы нашарлап, соңғы үш айда төсек тартып қалған.
"Бүгін менің асқартау әкем Мақсұт Дүйсенғазыұлының туған күні. Сексен үш дейтін сеңгірге шықты. Жастайынан ат үстінде жүрген саятшы, мерген, аңшы адам ғой. Өмірдің барлық ыстық-суығын көрген қажырлы азамат болды. Тоқсаныншы жылдары ауыл тоқырауға ұшырағанда жұмыссыз қалса да такси айдап бізді асырады. Бірақ ат үстінде жүрген өмірін, туған тауының салқын самалын ұмыта алмай біраз қиналды. Дегенмен анам бар кезде ештеңеге алаңсыз жүретін. Ер азаматқа жасы ұлғайғанда қосағынан айырылған өте қиын болады екен. Кемпірі кеткен соң денсаулығы да сыр бере бастады. Қазір үш айдан асты бір дерт меңдеп төсек тартып жатыр", – деп жазды ақын.
Сондай-ақ ол ауырып жатқан әкесіне қарап, бар ауыртпалықты мойнына алған ағасы мен жеңгесіне ризашылығын білдірді.
"Әкейдің қазіргі жағдайын жасап отырған Нұрзат ағам мен Ботагөз жеңгем. Біз жұмыс деп, басқа шаруа деп шапқылап барлық қиындықты соларға артып қойдық. Әке алдындағы борышын адал атқарып отырған аға-жеңгеме Алла разы болсын! Көптің тілегінен артық ештеңе жоқ. Әкеме мүмкін болса дұға жасап қойыңыздаршы. Дертінен құлан-таза айығып, ортамызда отырса біз үшін ең үлкен бақыт сол", – деді Серікзат Дүйсенғазы.
Соңғы жаңалықтар