Джеки Чан Алматыға келді (ФОТО)

09.07.2026 14:40 Қарақат АСЫЛОВА
Джеки Чан Алматыға келді (ФОТО)
176
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Алматыда атақты актер Джеки Чанның қатысуымен "Доспехи бога - Ультиматум" (Armour of God: Ultimatum) халықаралық фильмінің түсірілімі ресми түрде басталды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Салтанатты шараға премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен киноиндустрия өкілдері қатысты. Балаева актердің екі ел арасындағы байланысты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

"Қазақстан мәдениетін әлемдік аренада танытуға және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қосып отырған үлесіңіз үшін Сізге алғыс білдіремін. Алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін", – деді ол.

Жиын барысында Джеки Чан жергілікті жас суретшілермен және Жүргенов атындағы өнер академиясының түлектерімен кездесті. Ол жастарға өз ісін сүюдің маңыздылығын айтып, шығармашылық табыс тіледі. Кездесу соңында балалар актерге арнайы салған портреттерін сыйға тартты. Іс-шара дәстүрлі түсірілім тақтайшасымен естелік суретке түсумен аяқталды.

Жобаны Қазақстанның Мәдениет министрлігі мен Қытайдың China Film Group Corporation мемлекеттік компаниясы қолдап отыр. Фильм өндірісіне отандық Salem Entertainment және гонконгтық Billion Target жауапты. Қоюшы режиссері қазақстандық Роберт Кун болатын картина биыл шілдеден қазанға дейін Алматы қаласы, Алматы және Маңғыстау облыстарында түсіріледі.

Ведомство мәліметінше бұл жоба еліміздің туристік және инвестициялық әлеуетін арттырып, Қазақстанды әлемдік деңгейдегі ірі киножобалар түсіретін заманауи алаң ретінде кеңінен танытуға септігін тигізеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий