Дженнифер Лопестің концертіне билет алғандардың ақшасы қайтарылады

Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертіне билет сатып алған шамамен 200 көрерменге толық өтемақы қайтарылады, деп хабарлайды POLITICO.KZ Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Бұған Ticketon сайты арқылы тапсырыстардың екі мәрте рәсімделуі себеп болған. Бұл туралы платформаның тең құрылтайшысы Алексей Ни мәлімдеді.
Алексей Нидің сөзінше, билет сату басталған сәтте сайтқа келушілер санының күрт артуы техникалық ақауларға себеп болған. Салдарынан сайт уақытша істен шығып, тапсырыстар қайталанып кеткен. Жүйені тез арада қалпына келтіру үшін команда Cloudflare платформасының электронды кезек жүйесін енгізгенімен, асығыс шешім барысында бірқатар техникалық ерекшеліктер ескерілмей қалған.
Қайтарылатын қаражат пен өтемақы түрлері
- Көптеген пайдаланушылардың билеттері автоматты түрде қайталанған. Осы жағдайды реттеу үшін Ticketon сатылымды уақытша тоқтатып, түнгі уақытта барлық тапсырыстарды қолмен тексерген.
- Билеттері қайталанған көрермендердің көпшілігіне жоғары санаттағы орындарға апгрейдұсынылады.
- Ал аз ғана бөлігіне, билет санаты төмендеген жағдайда, толық ақшасы қайтарылып, олар концертке тегін қатыса алады.
- Сондай-ақ барлық сатып алушыларға Ticketon комиссиясы қайтарылады.
Алексей Ни бұл оқиға үшін пайдаланушылардан кешірім сұрап, мұндай тәжірибе қазақстандық билет сату сервистері үшін алғаш рет болып отырғанын айтты.
«Бұл – оқулықтан үйренуге келмейтін тәжірибе. Біз бұл қателіктен сабақ алып, болашақта сервисті халықаралық деңгейге жеткізу үшін жұмыс істей береміз», – деп жазды Ни Threads әлеуметтік желісінде.
Қазіргі таңда Ticketon командасы барлық деректерді тексеріп, тиісті ваучерлерді сатып алушыларға жолдау жұмысын жалғастыруда. Компания бұл концерттен қаржылай табыс табудан бас тартқанын да мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар





