Желіде шу болған әке мен қыздың видеосы бойынша тексеру аяқталды

Желіде шу болған әке мен қыздың видеосы бойынша тексеру аяқталды
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Өскеменде 12-дегі қызын туған күнімен құттықтап, сүйген әкенің әрекетінен полиция қылмыс белгілерін таппады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция басқармасының бастығы Асхат Дүйсембеков Құрылтайдағы брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға қатысты полиция тексеру жүргізген.

«Аталған дерек бойынша қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты материалдарды номенклатуралық іске жіберу туралы шешім қабылданды», – деді Асхат Дүйсембеков.

Ал Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бейнежазбадағы әрекетті қарым-қатынастың жол беруге болмайтын түрі деп бағалады.

Ол мектептерде балаларға жеке шекарасын қорғауды үйрету маңызды екенін атап өтті.

«Сондықтан биыл «Жеке қауіпсіздік» атты жаңа курс енгізілді. Онда 7-сыныптан бастап оқушыларға арналған арнайы тақырыптар мен мақсаттар қарастырылған. Оларды балаларға педагог-психологтер түсіндіреді. Меніңше, бұл пән қажет. Әр бала өзінің жеке шекарасын қорғай білуі керек. Әр бала өзіне қатысты қандай әрекетке болатынын, қандайына болмайтынын түсінуге тиіс», – деді министр.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Өскемен тұрғынының қызын туған күнімен құттықтаған видеосы тараған еді. Бейнежазбада ер адам үйде қызын мерекелік тортпен қарсы алып, сүйеді. Желі қолданушыларына ол қызын ернінен сүйгендей көрінген.

Бұл видео қоғамда қызу талқыланып, көпшіліктің сынына ұшырады. Құқық қорғаушы Ләззат Рақышева полиция мен Бала құқықтары жөніндегі уәкілге жүгінгенін хабарлады.

Кейін қыздың ата-анасы көпшілікке түсініктеме берді. Әкесі қызын бетінен сүйіп, мұрнын иіскегенін айтты. Сондай-ақ өз құқығын сот арқылы қорғауға ниетті екенін жеткізді.

13 қарашада ШҚО полициясы тексеру материалдарын кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияға жолдағанын хабарлаған болатын.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу