ҰҚК басшысы Сағымбаевтың қызметтен кетуіне не себеп болуы мүмкін?
-
Сағымбаевтың отставкасы – Ақорда басты себептерін атады
16.11.2026, 15:43
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) төрағасы Ермек Сағымбаевтың қызметінен босатылуына не себеп болды? Саясаттанушы Данияр Әшімбаев бұл шешімге қатысты екі болжамын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бүгін, 16 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚК-ні 2022 жылғы қаңтардан бері басқарған Ермек Сағымбаевты қызметінен босатты. Оның орнына бұған дейін комитет төрағасының орынбасары болған Марат Ирменов тағайындалды.
Бұл өзгеріс «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталуынан бірнеше күн өткен соң болды.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Сағымбаевтың қызметтен кетуіне қатысты пікір білдіріп, оның ҰҚК-ні басқарған кезеңіне тоқталды.
Оның айтуынша, 59 жастағы генерал-лейтенант Ермек Сағымбаев 2019 жылғы мамырдан бастап Президенттің күзет қызметін, 2021 жылғы тамыздан Мемлекеттік күзет қызметін басқарған. Ал 2022 жылғы қаңтарда ҰҚК төрағасы болып тағайындалған.
«Ол Қаңтар оқиғаларынан кейін ұлттық қауіпсіздік органдарының беделін қалпына келтірді, терроризмге, экстремизмге және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті күшейтті. Комитетті ұйымдастырушылық жағынан нығайтты. Соңғы уақытта ҰҚК киберқауіпсіздік пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында жаңа өкілеттіктер алды», – деп жазды Әшімбаев.
Саясаттанушы Сағымбаевтың қызметтен босатылуының уақытына да назар аударды.
«Өткен аптада ғана ҰҚК қылмыстық істерді тергеу аясында «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларын ұстады. Жұма күні Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысынан кейін Мемлекет басшысы Сағымбаевты қабылдап, ҰҚК жұмысы туралы есебін тыңдады және бірқатар тапсырма берді. Ал дүйсенбіде оны қызметінен босатты», – деді ол.
Әшімбаевтың айтуынша, әлеуметтік желілерде Сағымбаевтың «рұқсатсыз жүргізілген ұстау үшін жазаланғаны» туралы болжамдар тараған. Алайда саясаттанушы бұл нұсқаға күмәнмен қарайды.
«Біріншіден, менің білуімше, барлық ақпарат дер кезінде әрі жедел жеткізіліп отырған. Екіншіден, жұма күні Тоқаев жемқорлықты өте қатаң сынап, онымен күресу қажеттігін айтты», – деп жазды Әшімбаев.
Саясаттанушы ҰҚК басшысының қызметтен кетуіне екі жағдай себеп болуы мүмкін деп есептейді.
«Меніңше, отставканың екі себебі болуы мүмкін. Біріншісі – Президент айналасындағы тартыс туралы қауесеттердің жолын кесу. Тоқаев мұндай мәселелерге өте мұқият қарайды. Екіншісі – атышулы ұстау кезінде жіберілген ұқыпсыздық. Ұстау кезінде айғақ заттар салынған чемодандар жан-жаққа ұшпауы керек. Бұл тек бедел мәселесі емес, заң мен тәртіп мәселесі», – деді саясаттанушы.
Әшімбаевтың бұл пікірі Астанадағы элиталы тұрғын үй кешенінің терезесінен долларларға ұқсас купюралар шашылған бейнежазбаға қатысты айтылған. Алайда аталған оқиғаның ұлттық компания басшыларының ұсталуына қатысы бар екені ресми түрде расталған жоқ.
Саясаттанушының пікірінше, Тоқаев бұл шешімі арқылы лауазымды тұлғаларды «өзіміздікі» және «бөтен» деп бөлмейтінін тағы бір мәрте көрсеткен.
Марат Ирменов туралы не белгілі?
Данияр Әшімбаев ҰҚК-нің жаңа төрағасы Марат Ирменовтің еңбек жолына да тоқталды.
Оның мәліметінше, 57 жастағы генерал-майор Батыс Қазақстан өңірінің тумасы. Ол 1996 жылдан бері ұлттық қауіпсіздік органдарында, негізінен терроризмге қарсы күрес бағытында қызмет етіп келеді.
2016 жылғы шілдеде Ақтөбедегі терактіден кейін Ирменов Алматы қалалық ҰҚК департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметінен Ақтөбе облыстық ҰҚК департаментінің басшысы болып ауысқан.
2020 жылғы ақпанда Қордайдағы оқиғалардан кейін Жамбыл облыстық ҰҚК департаментін басқаруға жіберілген. Ал 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін Алматы қалалық ҰҚК департаментінің бастығы болып тағайындалған.
2025 жылғы қазанда ҰҚК төрағасының орынбасары қызметіне келген.
«Ол туралы кәсіби маман ретінде өте жақсы пікірлер естідім. Жалпы, бір кәсіби маманның орнына екінші кәсіби маман келді деп ойлаймын. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жемқорлықпен күрес жұмыстары бұдан зардап шекпейді деген ойдамын», – дейді Әшімбаев.
Еске салайық, 12 қарашада ҰҚК «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиев және өзге де адамдар сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған еді.
13 қарашада Президент Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, мемлекеттік компаниялардағы жемқорлық мәселесін көтерді. Сол күні Мемлекет басшысы Ермек Сағымбаевты да қабылдап, оның есебін тыңдаған болатын.
Ермек Сағымбаевтың қызметтен босатылуының ресми себебі жарияланған жоқ.
Соңғы жаңалықтар