Сағымбаевтың отставкасы – Ақорда басты себептерін атады
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Ермек Сағымбаевтың қызметінен босатылуына «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларын ұстау кезіндегі қателіктер де әсер еткен. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Смадияров өзінің ресми Telegram-арнасында Ермек Сағымбаевтың қызметтен кетуіне қатысты түсініктеме жариялады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымынан босату жөнінде шешім қабылдады.
Президент аталған арнайы қызметті реформалау міндетін табысты орындау мақсатында басшылық кадрлардың орнын ауыстыру қажеттігін ескере отырып, осындай шешімге келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты қызметтен босату туралы шешім қабылдағанда жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын да ескерді. Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды.
Жалпы, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ісіндегі коррупциялық сипат еш күмән тудырмайды. Оны тергеу шаралары кезіндегі фигуранттардың әрекеттері растады.
Президент жүргізіліп жатқан тергеу амалдарынан әуел бастан хабардар болды. Мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы күреске қатысты берік ұстанымы өзгермейді.
Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізді.
Президент қызметтік тәртіпті нығайтуды, «Заң мен Тәртіп» қағидатына сай қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты міндеттерді атқару барысында полицияның кәсіби даярлық деңгейін көтеруді тапсырды.
Министр Ержан Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлік құрамы арасында тәрбие жұмыстарын күшейту керек екені айтылды», – деп жазды Смадияров.
Бұған дейін саясаттанушы Данияр Әшімбаев Сағымбаевтың қызметтен кетуіне қатысты екі болжам айтқан еді.
Оның бірі Президент айналасындағы ықтимал тартыс туралы қауесеттердің жолын кесуге қатысты болса, екіншісі ұлттық компания басшыларын ұстау кезінде жіберілген олқылықтарға байланысты болған.
«Ұстау кезінде айғақ заттар салынған чемодандар жан-жаққа ұшпауы керек. Бұл тек бедел мәселесі емес, заң мен тәртіп мәселесі», – деп жазған еді саясаттанушы.
Ол Астанадағы тұрғын үй кешенінің терезесінен долларларға ұқсас купюралар шашылған бейнежазбаға қатысты пікір білдірген. Алайда бұл оқиғаның ұлттық компания басшыларының ұсталуымен байланысы ресми түрде расталған жоқ.
Еске салайық, 16 қарашада Президент Жарлығымен Ермек Сағымбаев ҰҚК төрағасы қызметінен босатылды. Ол комитетті 2022 жылғы қаңтардан бері басқарған. Оның орнына Марат Ирменов тағайындалды.
Бұл өзгеріс «Самұрық-Қазына» қоры мен ҚТЖ басшыларының сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталуынан бірнеше күн өткен соң болды.
12 қарашада ҰҚК «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиев және өзге де адамдардың сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған еді.
Соңғы жаңалықтар