ҚазҰУ-дың тағы бір студенті қайтыс болды: күдікті ұсталды
Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студентінің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті тілшімізге берген жауабында мәлімдеді.
«Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталды. Қазір істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады қалалық полиция департаменті.
Еске салайық, 16 қарашада әлеуметтік желілерде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студентінің қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін оқу орнының баспасөз қызметі бұл мәліметті растады.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты марқұмның ата-анасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Университет жағдайдың объективті қаралуына жан-жақты жәрдем көрсетуде», – делінген хабарламада.
Университет басшылығы мен ұжымы марқұмның отбасына қажетті материалдық және моральдық көмек көрсетіп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ оқу орны жұртшылықты марқұмның жақындарының сезіміне құрметпен қарап, ресми түрде расталмаған ақпарат пен жалған мәліметтерді таратпауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін, 6 қараша күні кешке Алматыдағы ҚазҰУ студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курсында оқитын қыз қайтыс болған еді.
Соңғы жаңалықтар