Қазақстанда бала күтіміндегі әйелдерге берілетін бір төлем тоқтатылады

Қазақстанда бала күтіміндегі әйелдерге берілетін бір төлем тоқтатылады
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алатын әйелдердің зейнетақы шотына мемлекет есебінен қосымша жарна аудару тоқтатылады, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, бала күтімі кезеңінде бюджеттен субсидияланып келген қосымша зейнетақы жарнасы алынып тасталады. Дегенмен әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын әлеуметтік төлемінен бұрынғыдай 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы ұсталып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударыла береді.

Қолданыстағы тәртіп бойынша, декретке дейін жұмыс істеген әйелдерге бала 1,5 жасқа толғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызы мөлшерінде әлеуметтік төлем беріледі. Бұған дейін зейнетақы жинағы ортаймауы үшін мемлекет үстінен қосымша қаражат қосып, жалпы аударымды декретке дейінгі жалақының 10 пайызына теңестіріп отырған.

Бұл өзгерістің қалай әсер ететінін нақты мысалмен түсіндіруге болады. Егер әйелдің декретке дейінгі орташа жалақысы 500 мың теңге болса, оның бала күтіміне алатын жәрдемақысы 200 мың теңгені құрайды, ал оның 10 пайызы, яғни 20 мың теңгесі зейнетақы қорына аударылады. Бұған дейін мемлекет тағы 30 мың теңге қосып, зейнетақы шотына ай сайын 50 мың теңге түсетін. Ал 2027 жылдан бастап мемлекеттік қосымша жарна тоқтатылған соң, шотқа тек әлеуметтік төлемнен ұсталған 20 мың теңге ғана аударылады. Яғни, зейнетақы аударымы 60 пайызға азаяды.

Айта кетейік, бұл өзгеріс бала күтіміне байланысты берілетін әлеуметтік төлемнің негізгі мөлшерін қысқартпайды, тек мемлекет тарапынан төленетін қосымша зейнетақы субсидиясына ғана қатысты.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу