ЕАЭО елдерінің тауар айналымы биыл $100 млрд-тан асады – Тоқаев одақтың басты міндеттерін атады

29.05.2026 18:09 politico.kz
ЕАЭО елдерінің тауар айналымы биыл $100 млрд-тан асады – Тоқаев одақтың басты міндеттерін атады
72
Фото: Ақорда

Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы кезекті отырысы өтіп, Мемлекет басшысы одақтың экономикалық дамуы мен жаңа жағдайларға бейімделу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Politico.kz.

Жиын барысында Президент іс-шараға арнайы келген ЕАЭО-ға мүше және байқаушы мемлекеттердің басшылары мен қонақтарға алғысын білдіріп, бұл кездесудің тарихи әрі ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, осыдан он жылдан астам уақыт бұрын дәл осы күні ұйымның негізін қалаған шартқа қол қойылып, Жоғары кеңестің шешімімен 29 мамыр ресми түрде Еуразиялық экономикалық одақ күні болып жарияланған.

«Осы уақыт ішінде экономикалық интеграцияны тереңдету бойынша ауқымды жұмыс атқарылды, ал осы күндері Астанада өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық форумның қорытындысы сан қырлы іскерлік серіктестігімізге тың серпін беретініне сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.

Отырыс барысында Тоқаев одақтың макроэкономикалық дамуда оң динамика сақтап отырғанына ерекше назар аударды. Болжам бойынша 2026-2027 жылдары ұйымға мүше елдердің жиынтық ішкі жалпы өнім өсімі 2,5 пайызға жуықтауы тиіс. Жаһандық нарықтағы түрлі тұрақсыздықтарға қарамастан, былтыр мемлекеттер арасындағы тауар айналымы $95 млрд-тан асса, биыл өзара сауда-саттық көлемі тағы 6 пайызға ұлғайып, $100 млрд межесін еңсереді деп күтілуде.

Дегенмен халықаралық ұйымдардың жаһандық нарықтағы жағдайға берген бағасы әзірге көңіл көншітпейтіні белгілі. Халықаралық валюта қоры биыл әлем экономикасы 3 пайызға дейін баяулайтынын мәлімдегенін еске салған Президент, дүние жүзіндегі мұндай құрылымдық өзгерістер одақтың экономикалық дамуына да тікелей әсер ететінін жеткізді.

«Қазіргі сәтте бірлестігімізді жаңа жағдайларға бейімдеу, ішкі орнықтылықты нығайту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру өте өзекті міндет болып тұр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Войдите, чтобы оставить комментарий