Эдуард Полетаев: Орталық Азия экономикасының жартысынан астамы Қазақстанға тиесілі

30.09.2026 • 15:36 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Эдуард Полетаев: Орталық Азия экономикасының жартысынан астамы Қазақстанға тиесілі
91
Фото Эдуард Полетаевтың парақшасынан алынған

Қазақстан соңғы 7 жылда саяси және экономикалық өзгерістерден өтіп, Орталық Азиядағы көшбасшылығын нығайтты, деп жазады Politico.kz.

Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың пікірінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформалардың нәтижесін халық күнделікті өмірде сезіне бастаған

«Ел пандемияға, әлемдік экономикадағы тұрақсыздық пен геосаяси шиеленістің күшеюіне қарамастан дамыды. Ең бастысы, осы кезеңде ел ішінде қордаланған мәселелерді жүйелі шешу жұмысы басталды», дейді Полетаев.

Ол 24 қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында сөйлеген Президенттің сөзіне тоқталды.

«Бір жылдың ішінде халық тағдырына тікелей әсер ететін түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыра алдық. Аз уақытта мемлекет пен қоғамның келбетін өзгерткен ауқымды реформаларды сапалы орындадық», деген Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай міндетті алға ұмтылған, жасампаз әрі бірлігі бекем ұлт қана атқара алатынын айтқан.

Полетаев осы өзгерістердің қатарында жаңа Конституцияның қабылдануын, Құрылтай сайлауын, Үкімет құрамының жаңаруын, вице-президенттің тағайындалуын атады. Бұған қоса Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты мен Халық Кеңесі құрылып, алда мәслихат сайлауы өтетінін еске салды.

Саясаттанушының келтірген дерегінше, жеті жылда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 29%-ға өсіп, экономика көлемі 306 млрд долларға жеткен. Алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтері бірге есептегенде 138 млрд доллардан асқан.

«Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40%-дан асты, ал ең төменгі зейнетақы екі есеге жуық өсті», дейді ол.

Әлеуметтік саладағы көрсеткіштерге тоқталған Полетаев елде жыл сайын 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй берілетінін жазған. 2019 жылдан бері миллион оқушыға арналған 1 342 мектеп пен 1 200-ден астам медициналық нысан ашылып, 35 мың шақырымнан астам автожол салынған және жөнделген. Орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетіп, Қазақстан бәсекеге қабілетті 40 елдің қатарына кірген.

Оның мәліметінше, Қазақстан адам дамуы өте жоғары деңгейдегі Орталық Азияның жалғыз елі болып, Біріккен Ұлттар Ұйымының 193 елді қамтитын рейтингінде 60-орын алған. Үкіметтердің жасанды интеллектіні қолдануға дайындығын бағалайтын 2025 жылғы индексте де әлемде 60-орынға, өңірде бірінші орынға шыққан. Ал «Скимаго» зерттеу тобының елдердегі ғылыми белсенділік рейтингінде өңірде бірінші, әлемде 64-орында тұр.

Полетаев экономиканың бірнеше саласын қатар дамытуға назар аударылғанын атап өтті. Өңдеу өнеркәсібі кеңейіп, ірі инфрақұрылым жобалары іске асырылып жатыр. Көлік пен жүк тасымалы дамып, ақпараттық технологияларға, жасанды интеллект пен ауыл шаруашылығына инвестиция тартылуда. Былтыр шамамен 170 мың автомобиль шығарылып, рекорд тіркелген.

«Орталық Азиядағы экономикалық белсенділіктің жартысынан астамы Қазақстанға тиесілі. Ел бүкіл өңірдің дамуына серпін беріп отыр», дейді саясаттанушы.

Ол келтірген Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, 2026 жылдың қорытындысында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 360,4 млрд долларға жетіп, ел әлемде 49-орын алады. Өзбекстан 181,5 млрд доллармен 61-орынға, Түрікменстан 83,1 млрд доллармен 89-орынға, Қырғызстан 23,6 млрд доллармен 130-орынға, Тәжікстан 20,4 млрд доллармен 138-орынға орналасады деп күтіледі.

Елдердегі баға айырмасын ескеретін сатып алу қабілеті бойынша есептегенде, Қазақстан экономикасының 2025 жылғы көлемі 923,4 млрд халықаралық доллар болған. Ал жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім Қазақстанда 15 мың, Түрікменстанда 11,6 мың, Өзбекстанда 3,8 мың, Қырғызстанда 3 мың, Тәжікстанда 1,7 мың долларды құраған.

Полетаевтың жазуынша, 2015–2025 жылдары Орталық Азия елдерінің экономикасы тұрақты өскенімен, Қазақстан көлемі жағынан біріншілікті сақтаған.

«Өңірдің жиынтық номиналды жалпы ішкі өнімінің 53,7%-ы Қазақстанға тиесілі. Бұл Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның қосқан үлесінен де жоғары. Осы үш елдің жиынтық үлесі 20,5% болды», дейді ол.

Саясаттанушы Қазақстан экономикасының салалары көрші елдермен салыстырғанда анағұрлым тең дамыған деп бағалайды. Оның дерегінше, банк жүйесі де өңірдегі ең дамыған жүйе болып, активтері 140 млрд, несие көлемі 86 млрд, депозиттері 34,7 млрд доллармен бірінші орын алған.

Сыртқы саудада да Қазақстан алда келеді. Полетаев келтірген мәлімет бойынша, 2025 жылғы сауда айналымы 143,9 млрд доллар болған. Бұл Өзбекстанның 65,7 млрд долларлық көрсеткішінен екі еседен, Тәжікстанның 10,8 млрд долларынан 13 еседен артық.

Қазақстан өңірдегі ең ірі экспорттаушы болып қалған. Орталық Азия елдерімен саудасы 5,3 млрд доллардан 8,8 млрд долларға дейін, яғни 67%-ға өскен. Бұл бүкіл сыртқы сауданың 6,1%-ына тең. Өңір елдеріне экспорт 6,6 млрд долларды немесе жалпы экспорттың 8,4%-ын, импорт 2,2 млрд долларды немесе жалпы импорттың 3,3%-ын құраған. Яғни Қазақстан көршілеріне сатып алғанынан көбірек тауар сатқан.

2019–2025 жылдары өңір елдерінің бюджет кірістері мен салық түсімдері өскен. Полетаевтың дерегінше, ең үлкен кіріс Қазақстанда сақталып, 33,3 млрд доллардан 57,3 млрд долларға көтерілген. Оның жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі 18,3%-дан 18,7%-ға жеткен. Салық түсімдері 24,1 млрд доллардан 44,5 млрд долларға өскен.

Саясаттанушы Қазақстан жеті жыл бойы өңірге тартылған шетелдік капиталдың негізгі бөлігін қабылдағанын да атап өтті.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының дерегінше, 2024 жылы Орталық Азияға жиналған тікелей шетелдік инвестиция 220,5 млрд доллар болды. Соның 151,3 млрд доллары немесе 68,6%-ы Қазақстанға тиесілі», дейді Полетаев.

Ал Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, 2025 жылдың соңында елдегі жинақталған тікелей шетелдік инвестиция 156,4 млрд долларға жеткен. Полетаев Қазақстан инвестиция, адам дамуы, экономиканың күрделілігі, туризм әлеуеті және экологиялық таза экономикаға көшу қарқыны жөніндегі негізгі халықаралық рейтингтердің басым бөлігінде өңірлік көшбасшылығын сақтап отыр деп бағалайды.

Войдите, чтобы оставить комментарий