"Екі баламмен қуып жіберді": Омар Жәлелдің екінші әйелі оны сотқа бермек
Ғалым, абайтанушы Омар Жәлелдің бұрынғы жұбайы Ләззәт Мырзаш балаларының әкесіне бір жылдан бері байланыса алмай отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол Әңгіме бар бағдарламасына берген сұхбатында Омар Жәлелдің балаларымен де, өзімен де мүлде хабарласпай кеткенін айтты.
«Кетерінде “бәрі жақсы болады, қайтып келемін, балаларға домбырамен ән айтып беремін” деді. Бірақ бір жыл өтті — ол кісі жоқ. Өзім ағасына да, інісіне де жаздым. Балаларға да мүлде хабарласпайды», — дейді ол.
Ләззәт Мырзаш сұхбат барысында өзін Омар Жәлелдің екінші әйелі екенін айтты. Оның сөзінше, ғалым төрт рет шаңырақ көтерген.
«2019 жылы Стамбулда ұсыныс жасады. Бірінші әйелінің рұқсатымен деді. Түркияда оқып жүрген жерімнен Астанаға алып келді. Әуежайдан Омар мен бірінші жұбайы бірге қарсы алды», — дейді ол.
Алайда кейін жағдай күрт өзгерген. Ләззәт Мырзаштың айтуынша, бірінші әйел тарапынан қысым болған, ал өзі жүкті болған кезеңде отбасылық жанжалдар күшейе түскен.
«Аяғым ауыр кезде “Омекеңе үшінші әйел алып бердім” деді. Кейін үшінші әйелін Ақтаудан көшіріп әкелді. Ал мені “Түркияға кет” деп мәжбүрледі», — дейді ол.
Әйелдің айтуынша, алғашқы баладан кейін оны үйден қуып шыққан. Кейін кешірім сұрап қайта оралғанымен, уәделер орындалмаған.
«Бұл адам бір кетіп, нүкте қойып кетпейді. Қайта оралады. Бірақ жауапкершілік алмайды. Егер қарай алмаса, соны ашық айтып, бізді бос үмітпен күттірмеуі керек еді», — дейді Ләззәт Мырзаш.
Ол қазіргі таңда Омар Жәлелді «адам тағдырымен ойнады» деген негізде сотқа бергенін мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар