Екі тәулікте Қазақстаннан 3 тоннадан астам жанармай заңсыз шығарылмақшы болды

04.07.2026 15:25 Қарақат АСЫЛОВА
Екі тәулікте Қазақстаннан 3 тоннадан астам жанармай заңсыз шығарылмақшы болды
210
Фото: ҚР Үкіметінің ресми ақпараттық агенттігі
Екі тәулікте Қазақстаннан 3 тоннадан астам жанармайды заңсыз шығарудың 61 әрекеті анықталды

Премьер-министр Олжас Бектенов елдегі жанар-жағармай материалдары (ЖЖМ) нарығындағы ахуал мен мұнай өнімдерінің Қазақстаннан заңсыз шығарылуының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есепті тыңдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қазіргі таңда ішкі нарықтағы жағдай тұрақты екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары жоспарлы режимде жұмыс істеп жатыр. Бензин, дизель отыны және авиациялық отын қоры ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Министрлік жанармай өндірісі мен жеткізілуін тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов жыл басынан бері шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерінде мұнай өнімдерін заңсыз алып шығудың 593 әрекеті тоқтатылғанын айтты. Заңсыз шығарылмақ болған жанармайдың жалпы көлемі 40 мың литрден асқан.

Сонымен қатар, мемлекеттік органдар шекара маңындағы бақылауды күшейтіп, қосымша тексеру жүргізу үшін қызметкерлер санын арттырған.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді топтардың тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Соңғы екі тәулікте ғана қосымша бактар мен канистрлер арқылы 3 тоннадан астам жанармайды шетелге шығарудың 61 әрекетінің жолы кесілген.

Бұдан бөлек, жанармай тасымалдайтын 18 арнайы көлік тексеріліп, олардың бірінен 34 тонна мұнай өніміне сараптама жүргізу үшін сынамалар алынған.

Қазіргі уақытта Мемлекеттік кірістер органдары қызмет көлемі күмәнді түрде артқан 62 жанармай құю бекеті мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытының жұмысын талдап жатыр. Аталған нысандарға қатысты тиісті тексерулер жүргізіледі.

Кеңес қорытындысында Премьер-министр ішкі нарықты жанармаймен тұрақты қамтамасыз ету Үкіметтің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, жауапты мемлекеттік органдарға жағдайды күн сайын бақылауда ұстауды тапсырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий