«Өлтіремін деп қорқытқан»: Танымал қазақ боксшысы әйелін аяусыз соққыға жықты деген күдікке ілінді

04.07.2026 14:09 Қарақат АСЫЛОВА
«Өлтіремін деп қорқытқан»: Танымал қазақ боксшысы әйелін аяусыз соққыға жықты деген күдікке ілінді
283
Фото: ҚБФ

Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, әлем және Азия біріншіліктерінің жеңімпазы Теміртас Жүсіповқа қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға туралы алғаш болып жәбірленуші әйелдің әпкесі әлеуметтік желіде мәлімдеді. Оның айтуынша, маусымның 29-ынан 30-ына қараған түні немесе 1 шілде күні спортшы жұбайына ауыр дене жарақатын салған. Зардап шеккен әйел шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оған басынан ашық жарақат, тұншығу белгілері, ми ісінуі және құрысу диагноздарын қойған. Сондай-ақ оның біраз уақыт ес-түссіз жатқанын айтқан.

Жәбірленушінің туыстары тергеу жұмыстарының әділ жүргізілуіне алаңдаушылық білдірген. Олардың сөзінше, күдікті ұсталғаннан кейін бірнеше сағаттан соң босатылған. Бұдан кейін ол әйеліне қысым көрсетіп, ажырасқан жағдайда балаларды тартып алатынын және өз ықпалын пайдаланатынын айтып қорқытқан деген мәлімет тарады.

Ақмола облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Ведомствоның хабарлауынша, 30 маусым күні Көкшетауда ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал кезінде әйел адам дене жарақатын алған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша заң аясында тиісті шешім қабылданады.

Теміртас Жүсіпов – Қазақстан боксының белгілі өкілдерінің бірі. Ол сегіз мәрте ел чемпионы атанып, Азия және әлемдік деңгейдегі бірқатар халықаралық жарыстарда топ жарған.

Войдите, чтобы оставить комментарий