Экономика өсті. Ендігі сын – оның сапасы
Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика болып қала бере ме деген сауалмен шектелетін кезеңнен өтіп келеді. Ендігі мәселе – осы ауқымды елдің тұрмысына, өндірістің қуатына, бизнестің еркіндігіне айналдыру, деп жазады Politico.kz.
Мұнай-газ саласының сарапшысы әрі талдаушысы Нұрлан Жұмағұлов Қасым-Жомарт Тоқаевтың 7 жылдық президенттік кезеңін осы тұрғыдан бағалайды.
«Жеті жыл – жекелеген шешімдерді ғана емес, елдің қай бағытқа бет алғанын бағалауға жеткілікті уақыт. Қазақстан біртіндеп Орталық Азиядағы ең ірі экономикасын сақтап қалу міндетінен оның сапасын өзгертуге ұмтылып келеді», — дейді сарапшы.
Жұмағұлов келтірген сандарға қарасақ, Қазақстанның атаулы жалпы ішкі өнімі 2019 жылғы шамамен 181,7 млрд доллардан 2025 жылдың қорытындысында 306 млрд долларға жуықтаған. Ал 2025 жылы экономиканың нақты өсімі 6,5 пайыз болған. Бірақ сарапшының өзі доллармен есептелген көрсеткішке қарап қана байлам жасамауға шақырады.
«Доллармен өлшенетін жалпы ішкі өнімге валюта бағамы да, әлемдік шикізат бағасы да, мұнай өндіру көлемі де әсер етеді. Сондықтан экономиканың өз ішінде не өзгергеніне үңілген әлдеқайда қызық», — дейді ол.
Оның дерегінше, өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2019 жылғы 11,4 пайыздан 2025 жылы шамамен 13 пайызға жеткен. Құрылыс, сауда, көлік және өзге де шикізатқа қатысы жоқ салалардың маңызы артып келеді.
Сарапшы экономикалық өзгерістердің айқын кезеңін шамамен 2022 жылдан бастайды. Оның айтуынша, саяси жаңғырудан кейін президент экономиканың құрылымын өзгертуді міндет етіп қойған. Бұған экономиканы әртараптандыру, бәсекені күшейту, жеке бастамаларға жол ашу, мемлекеттің шамадан тыс қатысуын азайту және адам капиталына қаржы салу кіреді.
«Тоқаев әуел бастан шикізатқа тәуелділікті, еңбек өнімділігінің төмендігін, бәсекенің әлсіздігін және технологияны жаңарту қажеттігін жоққа шығарған жоқ. Керісінше, бұл мәселелерді үкімет алдына жүйелі міндет ретінде бірнеше рет қойды. Сондықтан мұнда бұрынғы үлгіні сақтап қалудан гөрі оны біртіндеп өзгерту туралы сөз болып отыр», — деп есептейді Жұмағұлов.
Ол соңғы жылдардағы көрсеткіштерді осы бағыттың алғашқы нәтижелері ретінде қарастырады. Соның бірі – ел ішіндегі қаржы қоры. Сарапшы келтірген дерек бойынша, 2025 жылға қарай Қазақстанның банк жүйесіндегі депозиттер көлемі шамамен 96,4 млрд долларға жеткен.
«Бұл — халық пен бизнестің елеулі ішкі қаржы қоры. Тиісті жағдай жасалса, осы қаражат инвестицияға айналып, экономиканың одан әрі өсуіне қызмет ете алады», — дейді ол.
Жұмағұлов тұрмыс сапасындағы өзгерістерге де тоқталады. Оның дерегінше, бір адамға шаққандағы тұрғын үй алаңы 2019 жылғы 22,2 шаршы метрден 2025 жылы шамамен 25,1 шаршы метрге ұлғайған. Қазақстан халықаралық саяхат пен туризмді дамыту индексінде 80-орыннан 52-орынға көтерілген.
Дегенмен сарапшының бағасы экономикалық көрсеткіштермен шектелмейді. Ол мемлекеттік институттарды қайта құру мен экономикалық үлгіні өзгерту қатар жүріп жатқанын атап өтеді.
«Бірнеше жыл бойы жалпы ішкі өнімнің жоғары өсімін қамтамасыз етуден гөрі бұл әлдеқайда күрделі. Міндет – елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтай отырып, бәсекеге қабілетті, технологиясы дамыған экономика құру», — дейді Жұмағұлов.
Көрші елдердің жылдам өсуін де ол Қазақстан үшін қауіптен гөрі мүмкіндік деп санайды.
«Орталық Азияның әл-ауқаты артқан сайын саудаға, инвестицияға, жүк тасымалына және ортақ өңірлік нарық қалыптастыруға жол ашылады», — дейді сарапшы.
Жұмағұловтың пайымынша, Қазақстанда экономиканың ауқымы да, қаржы жүйесі де, инвестицияға жұмсалатын капитал мен адами әлеует те бар. Енді сол мүмкіндіктің қайтарымы сыналады.
«Алдағы басты сын – еңбек өнімділігі, технология, шикізатты терең өңдеу, қосылған құны жоғары өнім экспорты және қуатты жеке бизнес. Осы бағыт дәйекті жалғасса, келесі онжылдықта Қазақстанның әлемдік экономикадағы орнын дәл осы өзгерістер айқындайды», — деп түйіндейді Нұрлан Жұмағұлов.
Соңғы жаңалықтар