Экс-шенеуніктің қызы Франциядан элиталық пәтер сатып алды
Қаржы полициясы төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әшімбаевтың қызы Сент-Китс және Невис мемлекетінің азаматтығын алып, Францияның жағалауынан қымбат пәтер сатып алған. Бұл туралы «Выход к морю» телеграм арнасы мәлімдеді.
Арнаның мәліметінше, Әйгерім Әшімбаева кәмелетке толмаған үш баласымен бірге Францияда «SCI IAMD» компаниясын құрған. Осы фирманың атына Антиб түбегіндегі элиталық «Parc du Cap» тұрғын үй кешенінен пәтер рәсімделген. Дәл осы кешенде бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мен оның үш әйеліне тиесілі құны 8,5 млн еуро немесе 4,2 млрд теңге тұратын жылжымайтын мүлік тәркіленген болатын. Құжаттар бойынша жаңа компанияның акционерлік капиталы мың еуроны құрайды, оның 40 пайызы Әйгерімнің өзіне, ал қалған бөлігі балаларына тиесілі.
«Parc du Cap» кешеніндегі баспана бағасы 2 млн еуродан басталады. Мұнда хауызы бар пентхаустар, мейрамханалар мен яхта тұрағы орналасқан. Сонымен қатар бұл жердегі жылжымайтын мүліктерді көбінесе посткеңестік элита өкілдері сатып алады.

Фото: Выход к морю
Француз билігіне тапсырылған құжаттардан бұрынғы шенеуніктің қызы мен оның балалары Кариб теңізіндегі Сент-Китс және Невис елінің төлқұжатын алғаны белгілі болды. Бұл мемлекеттің азаматтығын алу үшін кемінде $250 мың көлемінде қайтарылмайтын жарна төлеу немесе $325 мыңнан басталатын құнға жылжымайтын мүлік алу қажет. Дегенмен Әшімбаеваның Қазақстан азаматтығынан бас тартқаны әзірге белгісіз, себебі дерекқорға сәйкес ол 2024 жылдың қаңтарында он жылға жарамды отандық төлқұжат алған.
Бұдан бөлек компания құжаттарында оның Дубайдағы жабық «Al Barari Residences» кешеніндегі жеке виллада тұрақты өмір сүретіні көрсетілген. Ондағы зәулім үйлердің құны $2,83 млн шамасынан басталады. Оның әкесі Самат Әшімбаев кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствода жоғары лауазымды қызмет атқарған, ал кейінірек Тимур Құлыбаевтың құрылымдарына тиесілі «Майкөбен-Вест» көмір өндіру компаниясын басқарған.
Айта кетейік, бұған дейін аталған арна экс-президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Аслан Мусиннің отбасы Аустрия астанасы Венадан пәтер сатып алғаны туралы хабарлаған болатын.
Соңғы жаңалықтар