Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өлімі: Германия істі Ресейге бермейтін болды
Қазақстанның Бас прокуратурасы экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өлімі бойынша істі тергеуге араласуға құқылы емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Informburo.kz редакциясының сауалына берген жауабында Бас прокуратураның халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің басшысы Айбек Нұрахметов хабарлады.
Оның айтуынша, Қазақстан Бас прокуратурасы бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған іс бойынша Германияның уәкілетті органдары жүргізіп жатқан тергеу барысына және олардың процессуалдық шешімдер қабылдауына араласа алмайды.
Айгүл Сайлыбаеваның Германия аумағында қаза табуына байланысты қылмыстық істі осы мемлекеттің құзыретті органдары өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес тергеп жатыр.
Марқұмның туыстары Айгүл күйеуі мен енесі тарапынан жасалған зорлық-зомбылықтың құрбаны болған деп санайды. 2025 жылы маусымда Германия полициясы кісі өлтірді деген күдікке ілінген марқұмның енесі Наталья Донцоваға қатысты қамауға алу ордерін шығарды. Германия сотының шешімімен ол сырттай қамауға алынды. Донцоваға қатысты берілген ордер Германия аумағында және Еуропалық одақ елдерінде жарамды.
«Сонымен қатар осы қылмыстық іс бойынша германиялық немесе ресейлік құқық қорғау органдарынан ешқандай өтініш түскен жоқ. Дегенмен Бас прокуратураның бастамасымен Германиядағы Қазақстанның елшілігі Донцовтар отбасын қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін істі Ресейге беру мәселесін көтерді. Себебі олар Ресей азаматтары және экстрадициялауға жатпайды. Дегенмен қылмыстық жауапкершілікке тарту және одан әрі процедуралық шешімдер қабылдау мәселелері тәуелсіз Германия сот жүйесінің айрықша құзыретіне жатады», – деді Айбек Нұрахметов.
2025 жылы желтоқсанда Қазақстанда Наталья Донцова мен оның ұлы Александр Донцов халықаралық іздеуге жарияланды. Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, олар Талдықорған қаласы полиция басқармасы тергеп жатқан азаптау фактісі бойынша (ҚР ҚК-нің 110-бабының 2-бөлігі) күдікті ретінде танылған. Сот олардың әрқайсысына қатысты сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Қазіргі уақытта бұрынғы судьяның өліміне қатысты іс бойынша Германияда да, одан тыс жерлерде де ешкім ұсталған жоқ.
Соңғы жаңалықтар