Елбасы қоры ресми түрде жабылды: Нұрсұлтан Назарбаевтың қазір қандай активтері қалды
86 жасқа толған Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев жалғыз құрылтайшысы болған "Елбасы қоры" өз жұмысын ресми түрде тоқтатты. Бұл туралы журналист Дмитрий Шишкин хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Журналистің ақпаратына сүйенсек, 2022 жылдың басында қаңтар оқиғасынан кейін бірқатар басылым экс-президенттің $8 млрд шамасындағы активті тек өзіне есеп беретін қорлар желісі арқылы басқаратыны туралы зерттеу жариялаған. Ол кезде мүлік қатарында банктер, қонақүйлер мен телеарналар болған. Бұл қорлар коммерциялық емес ұйым болғандықтан, мүлік ресми түрде Назарбаевқа тиесілі емес деп саналған. Алайда Қазақстан заңнамасына сәйкес жеке қорлардың негізін қалаушы активтердің тағдыры туралы түпкілікті шешімді өзі қабылдайды.
Сол уақытта Назарбаевқа бірнеше қор тиесілі болған. Қазіргі таңда экс-президент тек екі жеке қордың құрылтайшысы болып қалып отыр. Олар "Байтау" даму қоры және "Нұрсұлтан Назарбаев қоры". Ал "Назарбаев қорының" құрылтайшысы туралы мәліметтер 2023 жылдың қарашасынан бері электронды үкімет порталында жасырылған. Сондықтан оған Назарбаевтың қатысы бар немесе жоқ екенін нақты растау мүмкін емес.
Биыл 9 маусымда жабылған "Елбасы қорының" әр жылдары тоғыз еншілес кәсіпорны болған. Олардың екеуі қазір жұмыс істемейді, ал қалғандары 2023 және 2024 жылдары құрылтайшыларын өзгерткен.
Мәселен, жылжымайтын мүлік пен мейрамхана ісімен айналысатын Almaty Building Service компаниясы 2023 жылдың сәуірінде Astana Art Fund жеке қорына өткен. Бұл қор Назарбаевтың бейресми әйелі саналатын Әсел Құрманбаеваға тиесілі екені айтылады. Бұдан бөлек Капитал Invest 2021, Capital Invest Developer және Smart Investments серіктестіктері Байтау даму қорының қарамағына өткен. Қаржылық қызмет көрсететін EBF Finance ұйымы Astana Tower бизнес-орталығының басшысы Айвар Досанов негізін қалаған Консалтинг және стратегиялық бастамалар орталығы қорына берілген.
Сондай-ақ қор-инвест мүлікті басқару дирекциясы Ат спорты мен фермерлікті дамыту қорына, ал Vega Dom серіктестігі Best Capital Investment компаниясына өткені белгілі болды. Бұл компанияның қожайындары бұрын Елбасы қорын басқарған, ал қазір Байтау қорына жетекшілік ететін Максим Батырханов пен Роман Цха екені жазылған.
Айта кетерлігі, 2025 жылдың ақпанында Елбасы қоры 146,6 млрд теңге салық қарызы бар кәсіпорындар тізіміне ілінген. Алайда сол жылдың сәуірінде қарыз көлемі 3,4 мың теңгеге дейін азайып, кейін ұйым жабылғанға дейін борышкерлер қатарына енбеген.
Байтау даму қоры 2023 жылдың қыркүйегінде тіркелген. Оның жалғыз құрылтайшысы Нұрсұлтан Назарбаев екені көрсетілген. Ұйымның заңды мекенжайы Астанадағы бұрынғы Елбасы қоры орналасқан ғимаратпен бірдей. Қор құрылғаннан бері бюджетке 1 млрд теңге салық төлеген. Сонымен қатар бұл қордың еншілес кәсіпорындары ретінде Invest Buildings Service, BT Invest Company және BT Management серіктестіктері тіркелген. Қорға қатысты назар аударарлық жайттардың бірі жол ережесін бұзумен байланысты. 2024 жылдың мамырынан бері ұйымға тиесілі қымбат көліктер жылдамдықты асырғаны және көлік тұрағы ережелерін сақтамағаны үшін 130 хаттама толтырылып, 1,2 млн теңге көлемінде айыппұл арқалаған.
Нұрсұлтан Назарбаев қорының ресми сайты бар және ол талантты жастарды қолдауға, әлеуметтік жобаларды дамытуға бағытталған. Сайтта ұйымның 2000 жылы құрылғаны жазылса, бизнес-тізілімдерде тіркелген уақыты 2010 жыл деп көрсетілген. Қордың директоры ретінде экс-президенттің қызы Дариға Назарбаева аталған. Аталған қор 2015 жылдан бері 17,8 млрд теңге салық төлеген. Оның ішінде 2020 жылы қазынаға бірден 12,8 млрд теңге түскен. Ұйымның құрамында Тұңғыш президент музейі, Қамқорлық қоры сияқты сегіз еншілес кәсіпорын бар. Өткен жылы олар жалпы көлемі 738,2 млн теңге салық төлеген.
Назарбаев қорына келетін болсақ, ол 2009 жылы тіркелген. 2022 жылы Назарбаев Университеті атқарушы кеңесінің төрағасы Аслан Сәрінжіпов бұл қор оқу орындарын қаржыландыру мақсатында құрылғанын және оның капиталы жеке тұлғалардың қаражаты есебінен шамамен $1 млрд болғанын мәлімдеген.
Бұған дейін аталған қор Jusan Technologies акцияларының бақылау пакеті арқылы ірі активтерге иелік еткені хабарланған еді. 2021 жылы Jusan тобы Қазақстан юрисдикциясынан кетіп, 2023 жылы қайта оралған. Нәтижесінде банк акциялары Ғалымжан Есеновке өтіп, кейін ол активтерін Kaspi.kz негізін қалаушы Вячеслав Кимге сатқан. Жаңа иесі банкті Alatau City Bank деп өзгерткен.
Назарбаев қорына қатысы бар тағы бір ірі актив ретінде ресейлік Азия-Тынық мұхиты банкі аталады. 2021 жылы Jusan тобына кіретін Pioneer Capital Invest серіктестігі Ресейдің Орталық банкінен бұл қаржы ұйымының акцияларын 79,8 млрд теңгеге сатып алған. Кейіннен банк Jusan құрамынан шығып, тікелей Назарбаев қорының меншігіндегі Pioneer Capital Invest иелігінде қалған. Өткен жылы бұл банк өз пайдасын елу пайызға арттырып, активтерін 338 млрд рубльге жеткізген.
Соңғы жаңалықтар