Енді мұғалімдерді артық жұмысқа жеккендерге айыппұл салынады
Қазақстанда педагогтарды өз міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартқаны үшін айыппұл енгізу ұсынылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Мәжілісте педагог мәртебесіне және білім беру саласындағы бірқатар ережелерге өзгеріс енгізуді көздейтін екі заң жобасы қаралды. Құжаттарды әлеуметтік-мәдени даму комитеті әзірлеген.
Заң жобаларына сәйкес, мектеп директорлары мен білім беру ұйымдарының басшыларына жаңа шектеулер қойылмақ. Сонымен бірге талаптарды бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастыру ұсынылып отыр.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов негізгі төрт бастаманы атады:
Біріншіден, мұғалімдердің балалардың өмірі мен денсаулығына қатысты жауапкершілігін тек оқу процесі уақытымен шектеу ұсынылады. Сабақтан тыс уақыт пен демалыс кезінде жауапкершілік ата-аналарға жүктелмек.
Екіншіден, педагогтарды кәсіби міндетіне қатысы жоқ іс-шараларға тартуға тыйым салу көзделген. Мұндай талап бұзылса, айыппұл салу қарастырылады.
Үшіншіден, есептілікті бір мезгілде қағаз және электронды форматта жүргізуге тыйым салу ұсынылып отыр. Есеп беру тек бір форматта қабылдануы тиіс.
Төртіншіден, мұғалімдерді өз жұмысының нәтижесін әлеуметтік желілерде жариялауға мәжбүрлеуге жол берілмейді.
“Педагог мәртебесі туралы” заңға өзгерістер енгізу және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер педагогтардың артық жүктемесін азайтып, нақты әрі түсінікті ережелер қалыптастыруға бағытталған.
Соңғы жаңалықтар