«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары қамауға алынды
«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиев сот шешімімен қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Politico.kz сайтының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
ҰҚК мәліметінше, екі басшы 12 қарашада уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ал 14 қарашада тергеу соты оларды қамауға алуға санкция берген.
«12 қарашада аталған тұлғалар жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды. 14 қарашада тергеу сотының санкциясымен оларға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр», – делінген ҰҚК жауабында.
Комитет Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеуге қатысты өзге мәліметтерді жариялауға болмайтынын ескертті.
Еске салайық, бұған дейін, 12 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевті, сондай-ақ басқа да адамдарды ұстағанын растаған еді.
Бұдан бөлек, 10 қарашада осы екі ұйымға қатысты тағы үш лауазымды тұлғаның ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Редакциямыз бұл мәліметті нақтылау үшін ҰҚК-ге ресми сауал жолдады. Әзірге жауап келген жоқ.
Іле-шала, 13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Онда мемлекеттік компаниялардағы жемқорлық мәселесін көтеріп, ҚТЖ жұмысын сынға алды.
Сол күні Мемлекет басшысы ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдап, оның есебін тыңдаған болатын.
Арада үш күн өткенде, 16 қарашада Тоқаев Ермек Сағымбаевты ҰҚК төрағасы қызметінен босатты. Оның орнына Марат Ирменов тағайындалды.
Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Сағымбаевтың қызметтен босатылуына қатысты түсініктеме беріп, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жібергенін мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар