«Ешкім жауапкершіліктен жалтара алмайды»: Министр Алматыдағы резонанстық жол апатына қатысты мәлімдеме жасады

04.04.2026 10:36 Арман Ермеков
«Ешкім жауапкершіліктен жалтара алмайды»: Министр Алматыдағы резонанстық жол апатына қатысты мәлімдеме жасады
397
Фото: Gov.kz

Алматыдағы Әл–Фараби даңғылында үш адамның өліміне әкеп соққан жол апатына байланысты тергеу жұмыстары күшейтіліп, қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары мен бірнеше басқарма жетекшісі қызметінен босатылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл оқиғада Zeekr мен Mercedes көліктері бетпе–бет соғысқан болатын. Қазіргі таңда сот шешімімен Zeekr автокөлігінің жүргізушісі қамауға алынды, ал сараптама оның апат кезінде алкогольдік масаң күйде болғанын дәлелдеді.

Мемлекет басшысының 2026 жылғы 30 наурыздағы Қауіпсіздік кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес ішкі істер органдары бұл істі жан–жақты тексеруді бастады. Бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі мен мемлекеттік нөмірлердің заңсыз берілу деректері бойынша қылмыстық істер қозғалып, оны ведомствоның өзіндік қауіпсіздік департаменті тергеп жатыр.

Жағдайға объективті баға беру үшін Алматыға өзіндік қауіпсіздік, әкімшілік полиция және жеке құраммен жұмыс жөніндегі департамент өкілдерінен құралған арнайы комиссия жіберілді.

Тексеріс нәтижесінде жұмысында кемшіліктерге жол берген Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай–ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары жұмыстан шығарылды. Қаладағы тәртіпті күшейту мақсатында басқа өңірлерден қосымша полиция жасақтары тартылып, кең ауқымды рейдтер өтуде.

Тексеру шаралары басталған алғашқы күндердің өзінде тәртіп сақшылары 4800 астам жол жүрісі қағидасын бұзу дерегін анықтап, 2000 астам көлікті айыппұл тұрағына қойды. Олардың қатарында көлікті мас күйінде айдаған, қарсы жолаққа шыққан, жалған нөмір таққан және жүргізу құқығынсыз рульге отырған азаматтар бар. Мұндай күшейтілген тексеру шаралары қазір бүкіл ел аумағында жалғасуда.

«Тергеу барысы менің жеке бақылауымда. Барлық кінәлілер заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Ешкім де мәртебесіне, лауазымына және байланыстарына қарамастан, жауапкершіліктен жалтара алмайды», – мәлімдеді ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий