Ақордада коронавирус кезінде қабылданған стратегияның қорытындысы шығарылып жаңасы қаралды

30.03.2026 22:56 Арман Ермеков
Ақордада коронавирус кезінде қабылданған стратегияның қорытындысы шығарылып жаңасы қаралды
351
Фото: Ақорда

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтіп, онда елдің алдағы 5 жылға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясы қаралды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жиын барысында үкімет мүшелері мен құзыретті орган басшылары пандемия кезінде қабылданған 2021-2025 жылдарға арналған стратегияның қорытындысы бойынша есеп берді.

Президент әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделілігін ескере отырып, қоғамдық, экономикалық, экологиялық, сондай-ақ су және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін мықтап қолға алу қажеттігіне назар аударды.

Отырыстың негізгі тақырыбы 2026-2030 жылдарға арналған жаңа ұлттық қауіпсіздік стратегиясының жобасын талқылау болды.

«Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі саналатын бұл Стратегия алдағы бес жылда болуы ықтимал сын-қатерлерге төтеп берудің негізгі тәсілдерін анықтайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа Конституцияны қабылдау арқылы мемлекет дамуындағы жаңа кезеңге қадам басып, Қазақстанның Тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сенімді түрде қорғауға мүмкіндік туды.

Ал аталған Стратегия конституциялық қағидаттардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етіп, еліміздің тұрақты әрі қарқынды дамуына жағдай жасайды.

Мемлекет басшысы ұлттық мүддені қорғау міндеттерін сапалы орындаудың маңызына баса мән берді. Оның қатарына, атап айтқанда, қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету; азаматтарды, қоршаған ортаны және ақпараттық кеңістікті қорғау деңгейін арттыру; киберқауіпсіздік шараларын күшейту және әлеуметтік-экономикалық саладағы тәуекелдерді азайту мәселелері кіреді», – делінген хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономика, білім және технология салаларын дамыту үшін сұранысқа ие білікті шетелдік мамандарды елге тарту бағдарламасын жедел әзірлеуді міндеттеді.

Сонымен қатар жиында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин орта мерзімге арналған мақсатты индикаторлар мен тәуекелдерді басқару тетіктері туралы баяндама жасады.

Еске салайық, бұған дейінгі стратегия 2021 жылы коронавирус пандемиясы кезінде қабылданған болатын. Ол құжатта негізінен коронавирус пен биологиялық қатерлерге, әлемдік нарықтағы дағдарыстар мен технологиялық өзгерістерге қарсы тұру мәселелері қамтылды. Бұрынғы бағдарламада адами капиталды сақтау, денсаулық сақтау ісін дамыту, экономиканы тұрақты өсу моделіне көшіру және кибер шабуылдарға төтеп беру сияқты ұлттық мүдделер басты орынға қойылған еді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий