"Ештеңе өзгерген жоқ": Әлем чемпионы Ангелина Лукас Тоқаевқа үндеу жолдады (ВИДЕО)
Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Ангелина Лукас әлеуметтік желідегі парақшасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, отандық спорттағы әділетсіздіктер мен жүйелі мәселелерге назар аударуды сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.
1997 жылы Таразда дүниеге келген ұлты неміс спортшы бала күнінде балетпен айналысқанымен, 13 жасынан бастап өмірін бокспен байланыстырған. 2021 жылы кәсіпқой рингке шыққан ол аса жеңіл салмақта қысқа уақыт ішінде IBO, WBF, WIBF, WIBA және UBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып, қазақстандық әйелдер боксы тарихында WBC International белбеуін жеңіп алған алғашқы боксшы болды.
BoxRec әлемдік рейтингінде көш бастаған халықаралық дәрежедегі спорт шебері өзінің осыншама жетістіктері еленбейтінін айтып, президентке ашық шағымданған.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен көп жылдан бері спорттағы әділетсіз көзқараспен бетпе-бет келіп жүрмін, өкінішке қарай бұл мәселемен Қазақстанның басқа да көптеген спортшылары соқтығысуда. Бүгінде бүкіл ел Михаил Шайдоровтың жағдайын талқылап жатыр, бұл спорт жүйесіндегі проблемалардың бар екенін тағы бір дәлелдейді. Барлық қиындықтарға қарамастан мен Қазақстанның атын әлемдік аренада асқақтатуды жалғастырып, IBO әлем чемпионы атандым, WBO чемпионы Дебора Анаи Лопес пен IBO және WBC чемпионы Даниэла Асенджоны жеңіп, тарихта тұңғыш рет Қазақстанға WBC International титулын әкелдім, сондай-ақ WBC рейтингін бастап, әлемнің үздік 2 боксшысының қатарына кірдім. Оған қоса 21 күн ішінде 3 жеңісті жекпе-жек өткізіп, Гиннесс рекордтар кітабына ендім. Алайда менің бұл жетістіктерім жылдар бойы жасырылып, төмендетіліп келеді. Бұқаралық ақпарат құралдары қолдау көрсетпек түгілі, менің еңбегім мен тарихи нәтижелерімді жоққа шығаруға тырысты», – деді Ангелина Лукас.
Спортшы министрмен кездесуден кейін де жағдайдың өзгермегенін алға тартты.
«Спорт министрімен кездесуден кейін маған қолдау көрсетіп, демеушілермен көмектесуге және ақпараттық сүйемелдеу жасауға уәде бергенімен ештеңе өзгерген жоқ. Осы орайда менің жетістіктерім туралы сізге қалай баяндалады деген сұрақ туындайды, өйткені бұған жауапты адамдар үндемеуді жөн көреді. Ақпарат Мемлекет басшысына жеткенше көптеген кабинеттер мен келісімдерден өтеді, сондықтан менің нәтижелерім әдейі назардан тыс қалып жатқандай әсер қалдырады. Бақытымызға орай бүгінде әлеуметтік желілер бар, онда мен адамдарға өзімнің күресім мен жеңістерім туралы тікелей айта аламын. Жекпе-жектерім кезінде қаралым млн адамға жетеді, соның арқасында шындықты толық жасыру мүмкін емес. Өз еліңнің қолдауынсыз әлемнің абсолютті чемпионы атану өте қиын, сол себепті сізден тек менің жағдайыма ғана емес, көптеген спортшылар тап болатын қазақстандық спорттағы жүйелі мәселелерге назар аударуыңызды сұраймын», – деді спортшы.
Айта кетейік, Өскемен тұрғыны екі жасар қызына туған әкесі тарапынан жасалған қиянат туралы айтып, Мемлекет басшысынан араша сұраған болатын.
Соңғы жаңалықтар