«Есіктен кіріп төр менікі дейді»: Қайрат Нұртастың анасы сұмдық мәлімдеме жасады
Танымал әнші Қайрат Нұртастың анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова қазіргі келіндердің отбасындағы орнын және олардың жиі жіберетін қателіктерін сөз етті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ол жаңа түскен келін өз барған әулеттің заңына, салт-дәстүріне бағынуы керектігін ерекше атап өтті. Продюсердің айтуынша, бүгінде кей келіндер өз үйіндегі тәрбиені немесе әдетті жаңа отбасына енгізгісі келіп, соның салдарынан келіспеушіліктер жиі туындайды.
«Келін болып түскен соң, “біздің үйде былай еді” деп өз заңын орнатуға тырысатындар көп. Есіктен кіріп төр менікі дейтін келіндер кездеседі. Бірақ ол заң бұл әулетке жүрмейді. Себебі бір әулеттің дәстүрі мен тәртібі жылдар бойы қалыптасады, оны бір күнде келіп өзгерту мүмкін емес. Келін тек өз баласы болғанда ғана отбасындағы орны мен беделі артады», – дейді Гүлзира Айдарбекова.
Сонымен қатар ол ене мен күйеу де келінге тәуелді болатын сәт келетініне назар аударды.
«Адамның күні адаммен. Ертеңгі күні ене де келінге қарайды, қандай көйлек кигізеді екен, күтімі қалай болар екен деп ойлайды. Сол сияқты күйеу де уақыт өте әйеліне сүйенеді. Балалы-шағалы болған соң, бүкіл үйдің тірегі – сол келіннің өзіне айналады», – деп пікір білдірді продюсер.
Гүлзира Айдарбекованың бұл пікірі әлеуметтік желілерде кең талқыланып, көпшілік арасында қызу пікірталас тудырды. Бірі оның сөзін орынды деп тапса, енді бірі заманауи келіндер де өз пікірін ашық айтуға құқылы екенін алға тартуда. Дегенмен, продюсердің айтқан ойы отбасындағы сыйластық пен дәстүрдің сақталуының маңызын тағы бір мәрте еске салады.
Соңғы жаңалықтар