Түркістанда 9-сынып оқушысы 20-дағы жігітті өлтіргені үшін сотталды
Түркістан облысында 20 жастағы жігітті өлтіріп, денесін өртеген 9-сынып оқушысы сотталды. Сот үкімі 20 қарашада шықты, деп хабарлайды Politico.kz Жетінші арнаға сілтеме жасап.
Оқиға биыл мамыр айында Леңгір қаласында болған. Қараусыз қалған ғимараттан жігіттің мәйіті табылып, көп ұзамай күдікті ретінде мектеп оқушысы ұсталған.
Тергеу мәліметінше, қыз қылмысты алдын ала жоспарлап, бір күн бұрын пышақ сатып алған. Кейін жігітті кездесуге шақырып, 5-6 рет пышақтаған. Артынша оның денесін өртеген. Сараптама қорытындысына сәйкес, марқұмның денесінің 30%-ы күйген.
Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот төрағасы Дәурен Мадалиевтің айтуынша, қыз жігіттің қайтыс болғанына көз жеткізгеннен кейін дүкеннен жанғыш заттар сатып алып, оқиға орнына қайта оралған.
Сот барысында оқушы қыз марқұмның өзін зорламақ болғанын айтқан. Алайда бұл уәж сотта дәлелденбеді.
Сот жасөспірімді қасақана адам өлтіру бабымен кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Соңғы жаңалықтар