12 жылға сотталған Кәрім Көкірекбаевтың неге босатылғаны белгілі болды

12 жылға сотталған Кәрім Көкірекбаевтың неге босатылғаны белгілі болды
Фото: president.kg

Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев ауыр сырқатына байланысты түрмеден босатылды. Ол 17 қарашада бостандыққа шыққан. Бұл ақпаратты Алматы облысының прокуратурасы растады, деп хабарлайды Politico.kz.

Прокуратураның мәліметінше, Көкірекбаев жазасын өтеп жатқан №57 мекеменің әкімшілігі оны денсаулығына байланысты босатуды сұрап, сотқа жүгінген. Алматы облысындағы Алатау қаласының соты 17 қарашада бұл өтінішті қанағаттандырған.

«Сот Кәрім Көкірекбаевты ауыр сырқатына байланысты Қылмыстық кодекстің 75-бабына сәйкес жазасын одан әрі өтеуден босату туралы ұсынысты қанағаттандырды. Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ. Прокуратура бұл шешімнің күшін жою туралы өтінішхат енгізді», – деп хабарлады Алматы облысының прокуратурасы.

Еске салайық, 69 жастағы Кәрім Көкірекбаевтың бостандыққа шыққаны туралы ақпарат бұған дейін БАҚ-та тараған еді. Ол Жамбыл облысының әкімі және «Қазселденқорғау» мекемесінің басшысы қызметтерін атқарған.

2025 жылдың шілдесінде Көкірекбаев жемқорлық қылмысы үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылған. Іс бойынша мемлекетке келтірілген залал 2 млрд теңгеге жуық, ал пара сомасы 396 млн теңге болған.

Осы іс бойынша оның бұрынғы орынбасары Әділет Ахатаев пен мердігер Андрей Поплавский де 11 жылға сотталған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу