Түркістанда жоқ техникаға 1,1 млрд теңге төленгені анықталды

Түркістанда жоқ техникаға 1,1 млрд теңге төленгені анықталды
Фото: agrosektor23.ru

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бөлінген 1,1 млрд теңге субсидияны жымқыру дерегі тергеліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) мәліметінше, мемлекет қаржысына алынуы тиіс 37 жаңбырлатып суару машинасы шаруаларға жеткізілмеген.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті субсидия алу үшін бірнеше компанияны өз бақылауына алған. Олар техника жеткізуші, лизинг беруші және мемлекеттен қолдау алушы ретінде құжат рәсімдеген.

Атап айтқанда, «Агрохолдинг Туркестан» және «JMJ-Агро» компаниялары арқылы 81 жаңбырлатып суару машинасын сатып алуға субсидия сұралған. Ал лизинг беруші ретінде күдіктінің бақылауындағы «АгроПромЛизинг» микроқаржы ұйымы көрсетілген. Бюджет ақшасы осы ұйымның арнайы шотына түскен.

ҚМА дерегінше, 37 машина іс жүзінде жеткізілмеген және орнатылмаған. Соған қарамастан, техника толық жеткізілді деген жалған мәліметпен қабылдау-тапсыру құжаттары жасалған. Кейін бюджет қаражаты күдіктіге қарасты компаниялардың шоттарына аударылған.

Тергеу мемлекетке келтірілген шығынды 1,1 млрд теңге деп бағалап отыр.

Күдікті қамауға алынды. Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Бұған дейін ҚМА ғылыми жобаға бөлінген миллиондаған теңгенің жымқырылғанын хабарлаған еді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу