"Германия болмайды": Пушков Украинаға байланысты мәлімдеме жасады

Ресей Федерация Кеңесінің ақпараттық саясат жөніндегі комиссиясының төрағасы Алексей Пушков Telegram-арнасында Германияның АҚШ ықпалынан құтылып, толыққанды дербес мемлекетке айналуы екіталай екенін айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ РИА Новости сайтына сілтеме жасап.
Бұл пікірін ол АҚШ билігінің Германияға Украинаға Taurus алыс қашықтықтағы қанатты зымырандарын беруге тыйым салғаны туралы ақпаратқа жауап ретінде білдірді. Тыйымның себебі ретінде бұл зымырандарда аса маңызды құрамдас бөлшектердің бар екені аталды.
"Болашақ Германия канцлері Фридрих Мерц қанша жерден бұл туралы әңгіме қозғағанымен, бұл іске аспайтын тәрізді. АҚШ ықпалынан тәуелсіз Германия да болмайды, Мерц қанша ұмтылса да", – деп жазды Пушков.
Еске сала кетсек, Германияның Христиан-демократиялық және Христиан-әлеуметтік одақтар (ХДС/ХСС) блогының көшбасшысы әрі канцлерлікке үміткер Фридрих Мерц Германияның Украинаға Taurus зымырандарын жеткізу мүмкіндігін жоққа шығармаған еді. Бірақ ол мұндай маңызды шешімді Еуропалық одақтағы серіктестермен келісіп қабылдау қажеттігін атап өткен болатын.
Ал Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус болса, мұндай қадамға қарсы бірқатар салмақты дәлелдердің бар екенін айтқан еді. Өз кезегінде Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Германия зымырандарының Ресей аумағындағы кез келген нысанаға соққы жасауы Берлиннің Киев режимі жағында соғысқа ашық араласуы деп бағаланатынын мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар





