«Қазақмыс» «Парыз–2026» байқауында үздік әлеуметтік жоба үшін марапатталды
«Қазақмыс» корпорациясы «Парыз–2026» байқауының Ұлытау облысындағы кезеңінде «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Politico.kz.
13 қарашада Жезқазғанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен еңбек адамдарының жетістіктерін бағалайтын «Парыз–2026» және «Еңбек жолы» байқауларының өңірлік кезеңі қорытындыланды.
Ірі кәсіпорындар арасында өткен байқауда «Қазақмыс» корпорациясы «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымы бойынша бас жүлдені иеленді.
Марапаттау рәсімінде компанияның Ұлытау облысындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларына назар аударылды. Атап айтқанда, Жезқазғандағы «Жігер» спорт кешені 2025 жылдың үздік әлеуметтік жобасы деп танылды.
Сонымен қатар корпорацияның қазір жүзеге асырып жатқан басқа да жобалары аталды. Олардың қатарында Кеңгір су қоймасының жағалауын жаңарту, «Жастар» саябағын абаттандыру, Ұлытау университетінің инфрақұрылымын дамыту және «Намыс» спорт академиясын салу бар.
«Парыз–2026» байқауында «Қазақмыс» тобына кіретін басқа кәсіпорындар да марапатталды.
«Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС ірі кәсіпорындар арасында «Әлеуметтік жауапты үздік кәсіпорын» аталымында жеңіске жетті. Ал «Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС «Үздік ұжымдық шарт» аталымының жеңімпазы болды.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Үздік ұжымдық шарт», «Kazakhmys Smelting» ЖШС «Әлеуметтік жауапты үздік кәсіпорын» аталымдары бойынша алғыс хат алды.
«Адал Еңбек» ЖШС бірден екі аталымда – «Әлеуметтік жауапты үздік кәсіпорын» және «Экологияға қосқан үлесі үшін» алғыс хатпен марапатталды.
«Еңбек жолы» байқауында да корпорация қызметкерлері үздіктер қатарынан көрінді.
Сәтбаев қаласынан шыққан Жанқоразовтар отбасы «Үздік еңбек әулеті» аталымында бірінші орын алды. Үш буыннан тұратын әулеттің 13 мүшесінің жалпы еңбек өтілі 366 жылға жетеді.
«Жыланды» кенішінің «Қарашошақ» шахтасында учаске басшысының орынбасары болып жұмыс істейтін Дәурен Тілекен «Өндірістің үздік жас маманы» аталымында бірінші орын иеленді.
Ал «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалының Өңірлік бірыңғай қойма шаруашылығы №2 базасында тиегіш машина жүргізушісі болып еңбек ететін Серік Кеңесов «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша Ұлытау облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Соңғы жаңалықтар