Алматыдағы қарттар үйінде бес күн болған қария ауыр жарақатпен ауруханаға түсті
Алматыда жеке қарттар үйінде болған оқиғадан кейін полиция тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
70 жастағы деменция дерті бар ер адамның туыстары мекемеде небәрі бес күн болған аталарының ауыр жарақат алғанын айтып, күмән келтірген. Ал мекеме басшылығы зейнеткер өз бөлмесінде құлап қалғанын алға тартады.
Туыстарының айтуынша, олар қарт кісіні күтім жасау үшін жеке қарттар үйіне орналастырған. Алайда мекемеде болған бес күннің ішінде оның дене қызуы көтеріліп, жағдайы алаңдата бастаған. Кейін отбасы мүшелеріне ер адамның сүрініп құлағаны туралы хабар берілген.
Зейнеткерді ауруханаға жеткізіп, дәрігерлер тексерген кезде оның бет сүйектерінің бірнеше жерден сынғаны және басынан жарақат алғаны анықталған. Мұндай жарақаттарды көрген туыстары мекеме қызметкерлерінің түсіндірмесіне күмән келтіріп, ер адамға біреулер күш қолдануы мүмкін деген болжам айтқан.
Ал мекеме басшылығы бұл жағдайды жазатайым оқиға деп түсіндіреді. Мекеме директоры Светлана Нестерованың сөзінше, оқиға кезінде зейнеткер бөлмесінде жалғыз болған. Кейін қызметкерлер оны еденде жатқан жерінен тауып алған.
Алайда оқиғаның нақты қалай болғанын көрсететін бейнежазба жоқ. Директордың мәлімдеуінше, бақылау камералары 22 қазаннан бастап дұрыс жұмыс істемеген. Техникалық ақаудың салдарынан домофон мен сыртқы жарықтандыру жүйесі де істен шыққан.
Мекеме басшысы туыстарының күмәнін түсінетінін айтып, болған жағдайды қайғылы кездейсоқтықпен байланыстырған.
Қазіргі уақытта Алматы қаласының полициясы аталған дерек бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары зейнеткердің қандай жағдайда жарақат алғанын, сондай-ақ мекеме қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беру үшін оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға тиіс.
Соңғы жаңалықтар