Халық мүдделерінің басымдығы бар теңгерімді тарифтік саясат
Үкімет коммуналдық қызмет тарифтері мен жанармай бағасы бірден қымбаттамайтынын және елде қор жеткілікті екенін мәлімдеді , деп хабарлайды Politico.kz.
Энергетика министрлігі 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап электр энергиясының шекті құны өзгермейтінін және нарықтағы жағдай қатаң бақылауда екенін жеткізді.
Билік уақытша шектеулер аяқталғаннан кейін тариф саясатын өзгерткен кезде бағаны кезең-кезеңімен әрі нақты экономикалық негізге сүйеніп қана көтеруді жоспарлап отыр.
Инфляцияны тежеп, тұрғындарға түсетін салмақты азайту мақсатында қабылданған бұл шаралар коммуналдық жүйелердің үзіліссіз жұмыс істеуіне бағытталған. Тарифтен түскен қаражат тозған инфрақұрылымды жөндеуге және ықтимал апаттардың алдын алуға жұмсалады.
Электр энергиясына қатысты Энергетика министрлігі өткен жылдың желтоқсанында 2026-2032 жылдарға арналған шекті тарифтерді бекітіп, оны 2025 жылғы деңгейде қалдырған болатын. Сондықтан алдағы уақытта жарық бағасы тұрақты сақталады.
Ал жанар-жағармай құны нарық заңына сай реттелгенімен, жауапты органдар бағаның негізсіз әрі күрт өсуіне жол бермейді. Қазіргі уақытта елде жанармай тапшылығы жоқ, барлық қажетті қор толық жасақталған. Өңірлерде әкімдіктер мен салалық мекемелерден құралған арнайы штабтар жұмыс істеп жатыр. Олар жанармайдың бағасы мен жеткізілуін күн сайын қадағалап, ішкі нарықтағы тұрақтылықты бақылауда ұстап отыр.
Соңғы жаңалықтар