ІІМ: Екі мыңнан астам шенеунік жауапкершілікке тартылды
Елімізде қылмыстың алдын алуға селқос қараған 2 мыңнан астам лауазымды тұлға жауапқа тартылып, аяқталған қылмыстық істер бойынша азаматтарға 34 млрд теңге көлеміндегі шығын өтелді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Жыл басынан бері полиция түрлі мемлекеттік органдар мен мекемелерге 45 мыңға жуық ұсыну енгізіп, оның нәтижесінде қоғамдық орындар мен сауда орталықтарында қосымша 2 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылды және жол апаты жиі болатын 155 қауіпті аймақта бағдаршамдар мен жарықтандыру жүйелері жаңартылды.
Бұдан бөлек 56 нысанда күзет күшейтіліп, заңсыз жұмыс істеген 4 кәсіпорын жабылса, Павлодардағы бұзақылықтан кейін бір лаундж-бардың қызметі тоқтатылып, тағы 15 кафе мен түнгі клубтың жұмыс уақыты шектелді.
Қарағанды облысында кәмелетке толмаған баланың өліміне әкелген жолаушылар автобусының өртену дерегінен кейін жаппай тексеру жүргізіліп, рұқсатсыз жатын орын жасап алған 55 жүргізушіні қоса алғанда, барлығы 199 автобус иесі әкімшілік жауапқа тартылды.
«Ұсынуларды қарау нәтижесімен қылмыстардың жасалуына ықпал еткен әрекетсіздігіне байланысты 2 мыңнан астам лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ оларды қарау жөнінде тиісті шаралар қабылдамағаны үшін 500-ден астам тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді ІІМ тергеу департаментінің бастығы Самат Аисов.
Ведомство мәліметінше, бүгінде аяқталған қылмыстық істер бойынша жалпы шығын көлемі 72 млрд теңгеден асып, оның 34 млрд теңгесі иелеріне қайтарылды және Астанада интернет-алаяқтардан зардап шеккен 111 азаматтың 140 млн теңгеден астам қаражаты толық өтелді. Сонымен қатар тергеу барысында жалпы құны 29 млрд теңгеден асатын мүлікке, соның ішінде Алматы облысындағы алаяқтық ісі бойынша 2 серіктестікке тиесілі 7 млрд теңгенің 28 жылжымайтын мүлкіне тыйым салынды.
Мұнымен қоса зардап шеккендерге өтемақы қоры арқылы 5 мыңнан астам азаматқа 831 млн теңгеден астам төлем жасалып, қайта қылмыс жасаған шартты түрде сотталған 8 адам түрмеге жабылғаны анықталды.
Сондай-ақ ведомство кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында жоғары оқу орындарымен 40 меморандумға қол қойып, бүгінде 1524 студентті біріктіретін 47 клуб арқылы болашақ мамандарды даярлауда және олардың 100-ден астамы диплом алған соң полиция қатарына қосылмақ.
«Көріп отырғанымыздай, атқарылып жатқан жұмыс ауқымды бағыттарды қамтиды. Ол құқық бұзушылықтардың алдын алу, зардап шеккендердің шығынын өтеу және ішкі істер органдары үшін болашақ мамандарды даярлау жұмыстарын қамтиды. Қабылданып жатқан шаралар профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Самат Аисов.
Соңғы жаңалықтар