Индер әкімі жиналған халықпен кездесуге келмеді

17.06.2026 16:08 Қарақат АСЫЛОВА
Индер әкімі жиналған халықпен кездесуге келмеді
104
Фото: Ақ Жайық

Атырау облысы Индер ауданында Тұзды көлдің тағдырына алаңдаған халық биліктен нақты жауап ала алмай отыр. Жергілікті тұрғындар көлді игермек болған «АралТұз» АҚ мен «АралСода» ШЖС жобаларына қарсы шығып, әкіммен кездесуді талап еткен еді. Алайда аудан басшысы Серік Нысанбаев жиынға келген жоқ, деп хабарлайды «Ақ Жайық». 

Маусымның 15-і күні жұртшылық аудандық мәдениет үйіне жиналды. Олар қоғамда үлкен резонанс тудырған өндіріс жобалары бойынша әкімнің нақты ұстанымын білгісі келген. Бірақ әкімдік өкілдері мардымды жауап бере алмады, ал аудан басшысының өзі төбе көрсетпеді.

Еске салсақ, көктемде өткен қоғамдық тыңдауларда тұрғындардың басым бөлігі бұл жобаларға қарсы шыққан. Олар жергілікті табиғатқа зиян келетінін және лицензия беру кезінде заң бұзушылықтар болуы мүмкін екенін алға тартты.

Жағдайды өз көзімен көру үшін 8 мамырда бір топ белсенді Қызылорда облысындағы Жақсықылыш ауылына арнайы барып қайтқан. Ол жерде «АралТұз» АҚ бірнеше жылдан бері жұмыс істеп тұр. Ауылдың экологиялық және әлеуметтік жағдайын көрген Индер ауданының тұрғындары алаңдаушылығы тіпті күшейе түсті.

Жергілікті белсенді Қуат Жанесеев Жақсықылыштағы жағдайды көргеннен кейін, экологиялық мәселенің қаншалықты маңызды екеніне көз жеткізген. Оның пікірінше, Тұзды көлді өнеркәсіптік мақсатта қазғанша, бұл аймаққа инвестор тартып, туризмді дамыту әлдеқайда тиімді.

Бөдене ауылының тұрғындары да қатты алаңдаулы. Олардың сөзінше, бұған дейін жұмыс істеген «ИндерТұз» кәсіпорнының кесірінен жайылымдар мен шабындықтар тұзданып кеткен. Жаңа жоба басталса, ауданның экологиясы мүлдем құрдымға кетуі мүмкін.

Қоғамдық кеңес төрағасы Жамбыл Дауталиевтің айтуынша, аудан басшысы «жұмысбастылығына» байланысты кездесуге қатыса алмаған. Бұл сылтау жиналған халықтың ашуын одан сайын тудырды.

"Сәуір айынан бері Индер жұрты екіұдай күйде жүр. Нақты жауап жоқ, нүкте қойылған жоқ. Әкім неге келмейді? Біз оны күттік қой. Ол осы ауданға жауапты емес пе?" – дейді ашынған тұрғындар Узбек Әлиев пен Өтепберген Оразғалиев.

Бұл дау жайдан-жай басылатын түрі жоқ. Жиын соңында эколог-белсенділер аудандық полиция мен прокуратураға ресми шағым түсірді. Олар «АралТұз» өкілдерінің былтыр Индер ауданында жүргізген халық сауалнамасының қаншалықты заңды өткенін тексеруді талап етіп отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий