Ирина Раззах: 9-кезеңде қан, жүрек және көз аурулары көбейеді
Фэншуй ілімі бойынша кезеңдердің ауысуы адам денсаулығына да өз әсерін тигізеді. Осы орайда, фэншуй маманы Ирина Раззахтың айтуынша, тоғызыншы кезеңге өтуге байланысты халық арасында таралатын аурулардың да сипаты өзгермек, деп хабарлайды Politico.kz.
Маманның пікірінше, бұған дейінгі жетінші кезеңде адам ағзасының ауыз қуысынан өкпеге дейінгі мүшелері мен асқазан-ішек жолдары әлсіз болған.
«Жетінші кезеңде – ауыз қуысы мен өкпеге дейінгі ағзалар ауырды, ал «жер» – ішкі асқазан құрылыстарымыз еді. Сол кезде асқазан құрылыстары аймағында рак ауруы пайда болып, онкология деген сөз жиі айтыла бастады. Себебі дене ішінде өскін пайда болады, ол көбінесе асқазанда, ұйқы безінде және ішек жолында кездесті. Сонымен қатар бұл кезеңде туберкулез ауруы да жиілеп, оған қарсы вакцинация жүргізілді», – деді Ирина Раззах.
Қазіргі тоғызыншы кезеңде негізгі соққы кеуде, жүрек және қан айналымы жүйесіне түседі.
«Ал тоғызыншы кезеңде негізгі қауіп төнетін ағзалар – кеуде, жүрек және қан. Осыған байланысты қазіргі уақытта қан аурулары мен жүрек-қан тамырлары дерттерінің өсуі байқалуда. Маманға хабарласқан тұрғындар арасында балалардың қан ауруына шалдығуы, сондай-ақ жастар арасында жүрек ұстамасы мен инсульттен қайтыс болу жағдайлары жиілеп кеткен», – деді фэншуй маман.
Сонымен қатар, тоғызыншы кезеңнің «қызыл түс» стихиясына жатуы көз саулығына да тікелей әсер етеді.
«Одан кейінгі өзекті мәселе – көз аурулары. Соңғы уақытта көзге хирургиялық операция жасайтындар қатары көбейіп, катарактаны емдеу мен блефаропластика қызметтері кеңінен таралды. Адамдардың көру ағзасына түсетін жүктеменің артуына байланысты көзілдірік тағатындар саны да өсіп отыр. Маманның айтуынша, тоғызыншы кезең «қызыл түске» тиесілі болғандықтан, таяу арада қан, жүрек және көз аурулары басты назарда болады», – деді Ирина Раззах.
Соңғы жаңалықтар