Ішкі істер министрлігі жабылғанын қалайды, Әділет министрі "жаппаймыз" деп отыр
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің жедел деректеріне жүгінсек, Қазақстанда 2024 жылғы 3 айда 5 313 теріс қылық тіркелген. Сөйтіп, былтырғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысына (5 735 іс) қарағанда биыл тағы 7,4% төмендеді.
Бұл тренд соңғы жылдары тоқтаусыз жалғасуда. 2023 жылдың 12 айында 19 430, оның алдындағы 2022 жылы 21 044 қылмыстық теріс қылық тіркелген болатын. Осылайша, кейінгі екі жылда 7,7%-ға кеміді.
Бірақ қатардан жырақ қалған "саяқтар" бар, Мысалы, Абай облысында қылмыстық теріс қылықтар бір жыл ішінде, 2022-2023 жылдары керісінше, 247-ден 487-ге немесе 97,2 пайызға күрт көбейді. Жаңадан құрылған тағы бір өңірде – Ұлытау облысында 59-дан 87-ге дейін немесе 47,5 пайызға ұлғайды. Елордада мұндай істер саны 2 472-ден 3 211-ге дейін немесе 29,9 пайызға артты.
Өзге өңірлерде өсім мардымсыз, немесе қатты төмендеген. Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген қылмыстық теріс қылықтар саны алдыңғы жылғы 949-дан былтыр 590-ға немесе 37,8 пайызға кеміді. Алматы облысында 3 073-тен 1 902-ге немесе 38,1 пайызға, Шығыс Қазақстан облысында 819-дан 565-ке немесе 31 пайызға, Маңғыстау облысында 786-дан 546-ға дейін немесе 30,5 пайызға, Қостанай облысында 781-ден 548-ге немесе 29,8%-ға құлдырады.
Әрине, бұл теріс қылықтар саны азайды дегенді білдірмеуі мүмкін, әңгіме тіркелген істердің азайғаны туралы болып отыр.
Әскери қызметшілер жасаған және тіркелген қылмыстық теріс қылықтар саны соңғы бір жыл ішінде 80-нен 66-ға немесе 17,5 пайызға азайды. Сарбаздар мен сардарлар 2024 жылғы 3 айда 20 қылмыстық теріс қылыққа барыпты. Бірақ 2023 жылғы қаңтар-наурызда әскерилерге қатысты 25 іс ашылғандықтан, биылғы бірінші тоқсанда 20% төмендеді деп есептеледі.
Айтпақшы, "қылмыстық теріс қылық" деген не? 2014 жылы қабылданып, 2015 жылы күшіне енген Қылмыстық кодекспен алғаш рет осы институт енгізілді. Содан бері ол меморгандар, сарапшылар арасында қызу пікірталас туғызып келеді. Біразы одан бас тартуды табанды ұсынып жүр. Себебі, оның қажеттілігін былайғы халық түгіл, ғалымдар мен эксперттер де түсіне алмады. Оның үстіне әлемдегі мемлекеттердің басым көпшілігі одан бас тартқан.
Қылмыстық кодекске сәйкес, "Қылмыстық теріс қылық деп – қоғамға зор қауіп төндірмейтін, жеке адамға, ұйымға, қоғамға, мемлекетке болмашы зиян келтірген не зиян келтіру қатерін туғызған, оны жасағаны үшін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстанның шегінен тысқары жерге шығарып жіберу түріндегі жаза көзделген, айыпты жасалған іс-әрекет не әрекетсіздік танылады".
Яғни, қылмыстан айырмашылығы сол, қылмыстық теріс қылық қоғамға үлкен қауіп әкелмеуге тиіс. Сондықтан мұндай іс-әрекеттерді жасағандар жеңіл жауапкершілікке тартылады: айыппұлмен, түзеу жұмыстарымен, қоғамдық жұмыстарға тартумен, ары кетсе, бірнеше тәулікке қамаққа алумен жазаланады.
Бірақ ұлттық заңнама бойынша айыппұл, түзеу жұмыстары сияқты жеңіл жаза сондай-ақ бірқатар қылмыс үшін де, әкімшілік істер бойынша да қарастырылған. Яғни, қылмыстық теріс қылық дегенде, не әрі, не бері емес, дүмбілез, дүбара, шикі, шала бірдеңе шығады.
Сонымен қатар, биліктегілер қылмыстық теріс қылықтың өрісін кеңейтіп жіберді. Осы институт арқасында коррупционер шенеуніктер жеңіл жазамен құтылып кетіп жүр: қылмыстық іс қозғалады, бірақ тергеу барысында, не сотта оның әрекеті қылмыстан қылмыстық теріс қылыққа ауыстырылады. Үйінде бүлік шығарып, балаларын сабап, әйелінің қолын сындырған, мұрнын бұзған ойраншылдарға соттар айыппұл салып, қоя беретінді шығарды.
Прокурор бас бостандығын шектеуді сұрағанымен, Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың екі заңгерді аяусыз соққыға жыққан ұлы Болат Нұрасыл 500 АЕК (1 725 000 теңге) ғана айыппұл төлеп, бостандықта тайраңдауын жалғастырды.
Көшеде кездескендерді төмпештейтіндер, отбасында ойран салатын ожарлар, билікті жемқорлық індетінің жайлауына ықпал ететін коррупционерлер қоғамға қауіп төндірмей ме?
Сарапшылардың түсіндіруінше, заң бұзушылар кейбір қылмыс бойынша да тек айыппұл төлеп құтыла алады. Бірақ ол бәрібір қылмыскер деп танылады. Одан айырмашылығы сол, қылмыстық теріс қылық жасап, айыппұл төлегендердің "соттылығы" болмайды. Тиісінше, олар мемқызметке орналасып, мансабында биіктей алады.
Қоғам тарапынан қылмыстық теріс қылық институтын жою ұсыныстарының жиі-жиі айтылуы да содан.
"Қылмыстық құқықтың ең өзекті және даулы мәселесі – қылмыстық теріс қылықтар институты (институт уголовных проступков) болып тұр. Бұл не айран, не сүт емес, бірдеңе. Ол әкімшілік құқық бұзушылыққа жатпайды, бірақ қылмыс болып та саналмайды. Оны жасағандар "сотталған" болып есептелмейді. 2015 жылы осы институт енгізілгенде, оның тұтқындау түріндегі санкциясы қоса қарастырылған еді. Содан бері бұл институт аясында тұтқындау қолданылмапты. Ендеше қылмыстық теріс қылықтар институтының қажеті қанша? Оны ары қарай сақтау орынды ма деген сауал туады", – деді Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов.Президенттің тапсырмасымен, Үкімет қылмыстық заңнамаға ревизия жүргізіп шықты. Соның негізінде Парламентке "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы енгізілді. Осы құжат аясында қылмыскерлерге салмақты жазадан құтылып кетуге мүмкіндік беретін, тиісінше, әділеттіліктің орнауына кедергі жасайтын қылмыстық теріс қылықтар институтынан бас тартылады деп күтілген. Сарапшылардың ол үміті ақталмапты. Әділет министрі Азамат Есқараев шынында, қылмыстық және қылмыстық-құқықтық саясатты жетілдіру бойынша жалпы жұмыстар барысында бұл институтты жою мәселесінің пысықталғанын жеткізді.
"Бұл институт 2015 жылы енгізілді, содан бері оны қолдану тәжірибесі әрқилы нәтиже көрсетуде. Бастапқыда, қылмыстық теріс қылық институтын енгізу идеясы осы арқылы анағұрлым ауыр қылмыстарды жасаудың алдын алуды қарастырды. Алайда қазіргі кезде проблемалары қордалануда. Институтты жою мәселесі ведомствоаралық жұмыс тобының аясында ары қарай талқыланады. Себебі, бұл – кешенді мәселе. Дәл қазір оған бармаймыз. Теориялық тұрғыдан болжамдап айтсақ, егер бұл институттан бас тартсақ, онда бүкіл Қылмыстық-процестік кодекстің жартысына жуығын қайта қарауға тура келер еді", – деп қиынсынды Әділет министрі.Есқараевтың айтуынша, бұл мәселе тұғырлы, концептуалды сипатқа ие, сондықтан оны жоюға қадам жасау үшін "жан-жақты зерттеулер талап етіледі". Яғни, тұтас кодекстің бір бөлігін түзеп шығуға шенеуніктердің әзірге мойны жар бермей тұрғанға ұқсайды. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха қылмыстық теріс қылықтар айналасындағы айтыс-тартыс елімізде осы институт пайда болған күннен бері тоқтаусыз жүріп жатқанын айтады.
"Әу бастан біз бұл институттың енгізілуіне қарсы наразылық білдіргенбіз. Оны тәжірибеде қолдану қандай проблемалар әкелді? Біріншіден, жасалған құқық бұзушылықтарды теріс қылықтарға жатқызудың нақты критерийлері әлі күнге жоқ. Бұл институтты енгізгенде, негізгі идеясы келесідей болды: сот шешімдерімен әкімшілік тұтқындауды қарастыратынның бәрі Қылмыстық кодекске кетуі керек. Сәйкесінше, Әкімшілік кодексте тек уәкілетті меморгандар шешім қабылдайтын құқық бұзушылықтар ғана қалуға тиіс. Мысалы, полицияның хаттама толтыруын қарастыратын жол жүрісі ережелерін бұзу, қоғамдық орында спирт ішімдіктерін ішу сияқтылар. Бұл идея мен тәсілдеме орындалған жоқ. Бүгінде 68 қылмыстық теріс қылық бойынша тұтқындау бекітілген. Сонымен қатар Әкімшілік кодексте сондай 32 құрам қалды", – деді Игорь Лепеха.Екіншіден, оның айтуынша, қылмыстық теріс қылықтар кесірінен қазіргі уақытта қылмыстық процесс шектен тыс жүктелді. Салдарынан, заң бұзушыларды, қылмыскерлерді тез жауапқа тарту мүмкін болмай қалған. Өйткені қылмыстар және қылмыстық теріс қылықтар бойынша қылмыстық істі жүргізуге қойылатын процессуалдық талаптар бірдей көрінеді. Үшіншіден, қылмысқа оқталу (покушение) деген бар да, қылмыстық теріс қылыққа оқталу деген ұғым заңда жоқ. Салдарынан, соңғысы үшін ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Мысалы, ішкі істер министрі орынбасарының түсіндіруінше, қылмыскер сауда орнында, дүкенде заттарды, киім-кешектерді ұрлай қашса және шыға берісте күзетші оны қолынан ұстап алса, ұры жазаға тартылмайды. Неге? Ол ұрлығы үстінде ұсталғанымен, мысалы, азық-түлікті не киімді тұтынып үлгерген жоқ. Соттар "ұрлаған мүлікке билік етуге нақты мүмкіндігі болмады" деп таниды. Заңда қылмыстық теріс қылыққа оқталу үшін жауапкершілік көзделмеген. Төртіншіден, қылмыстық теріс қылықтар бойынша істер қозғалғанымен, басым көпшілігі жабылып тынады, себебі, талап қою мерзiмдерi өтіп кетеді ("по истечении срока давности"). Қылмыстық теріс қылықтар бойынша 1 жыл ғана беріледі. Осы уақытта оны жасағандар жауапкершіліктен жалтарып, қашып жүреді.
"Салдарынан, қазіргі уақытта қылмыстық теріс қылықтар бойынша тіркелген барлық материалдардың небәрі бестен бір бөлігі, 20 пайыздан азы ғана соттарға жолданады. Салыстырсақ, бізде әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша материалдардың 100 пайызға жуығы соттарға жетеді. Мемлекет басшысы бізге қылмыстық теріс қылықтарды тергеу рәсімдерін жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Соған байланысты бірқатар ұсыныс дайындадық", – деген ІІМ басшысының орынбасары Игорь Лепеха жеңілдетуге қатысты өздерінің ұсыныстары Парламентте өтсе, бұл институтты қалдыруға болатынын, бірақ жетілдіру қажеттілігін айтты.ІІМ өкілдерінің ұстанымынша, егер бұл институт кемеліне келтірілмесе, одан бас тартқан орынды. Онда қолданыстағы заңнамаға жан-жақты ревизия жүргізіп, қылмыстық теріс қылықтардың бір бөлігін "орташа ауырлықтағы қылмыстар" санатына жатқызған жөн. Қалған бөлігін Әкімшілік кодекске кері қайтару керек. Сонда ғана қылмыскерлер жазадан құтылып кетпейді.
Здесь пока ничего нет
Соңғы жаңалықтар
12.12.2024
09:27
Полиция Шерзат Полаттың үйін өртеген адамдарды ...
12.12.2024
09:10
2025 Жаңа жылға арналған құттықтау сөздер мен т...
11.12.2024
21:21
Шерзат Полат ісіндегі екі әйел куәгер болып кет...
11.12.2024
20:19
Марқұм Нұрқанат туралы тың деректер шықты
11.12.2024
19:48
Жаңа адамдар Бағлан Әбдірайымовқа өзімен жұмыс ...
11.12.2024
19:40
АШМ-нің субсидияларға жүргізілген аудит қорытын...