Кәсіпкер: Балабақшаның бәрі қазақша болса, тіл мәселесі шешіледі

16.07.2026 18:28 Томирис САҒЫНДЫҚ
Кәсіпкер: Балабақшаның бәрі қазақша болса, тіл мәселесі шешіледі
62
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Белгілі кәсіпкер, Kazakhstan Paramount Engineering компаниясының негізін қалаушы Айбек Барыс қазақ тілін үйренудің неліктен қиындық тудыратыны туралы пікір білдірді. Оның пайымдауынша, мемлекеттік тіл ағылшын тілі секілді жеңілдетілмегендіктен, оны тез меңгеріп кету оңай емес, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол Ulysmedia.kz порталына берген сұқбатында айтты.

«Қазақ тілі оңай тіл емес. Ағылшын тілін бәрі біледі дейді, бірақ Шекспирдің тілінде сөйлеу оңай шаруа емес. Сондықтан олар тілді барынша жеңілдеткен. Қолданысқа ыңғайлаған соң қазір әлемнің барлық бұрышында бұл тіл кең қолданылады. Ал қазақ тілі өзгермеген, бай тіл, үйрену қиындау», – дейді кәсіпкер.

Оған қоса, Айбек Барыс мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді балабақшадан, яғни баланың ерте жасынан бастау қажеттігін алға тартты.

«Кішкентай бала әр білімді оңай сіңіреді. Ештеңені өзгертпей-ақ, балабақшаның бәрін қазақшаласақ, осы елде туып-өскен әр бала қазақ тілінде сөйлейтін болады. Үлкенді сыйлау, құрметтеу, кішіге ізет көрсету дегеннің бәрі тіл арқылы беріледі. Біз балабақша іздегенде қатты шаршадық. 100% қазақша тәрбие беретін балабақшаны әрең таптық», – деді Айбек Барыс.

Войдите, чтобы оставить комментарий