Кеншілердің өлімі бойынша сот үкімі жарияланды

«Қазақстан» шахтасында болған апат бойынша кінәлілерге үкім шығарылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
2023 жылдың 17 тамызында «Қазақстан» шахтасында болған өрттен бес шахтер қаза тапқан еді. Төтенше жағдай кезінде жер астында 227 адам болған, олардың 222-сі эвакуацияланған. Алайда, бес адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Бұл қайғылы оқиғаға қатысты сот процесі 2024 жылдың 21 маусымында басталып, 35 отырыс өткізілді. Сотта өндіріс бойынша директордың орынбасары, конвейер тасымалы учаскесінің бастығы және тағы екі қызметкер айыпталушылар қатарында болды. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-тармағы бойынша («Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келу») айыпталған.
Прокурор бұл қызметкерлерге төрт жылдан бас бостандығынан айыру және үш жыл бойы тау-кен өндірісі мен құрылыс саласында басқарушылық қызметтерді атқаруға тыйым салуды талап етті. Сот бұл ұсынысты қолдап, айыпталушыларды төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен бірге, сот жеңілдететін жағдай ретінде айыпталушылардың жас балалары бар екенін ескерді.
Сот үкімі 2025 жылдың 25 ақпанында жарияланды, бірақ ол әлі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар





