«Кесте сақталмаса, жауап бересіздер»: Атырау облысының әкімі мердігерлерге қатаң ескерту жасады

06.08.2026 23:32 Қарақат АСЫЛОВА
«Кесте сақталмаса, жауап бересіздер»: Атырау облысының әкімі мердігерлерге қатаң ескерту жасады
248
Фото: Ақ Жайық

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Құттығай батыр көшесіндегі жолды қайта жаңарту жұмыстарының барысын тексеріп, мердігерлердің жұмысына сын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Жоба аясында ұзындығы 647 метр болатын жол учаскесі толық жаңартылып, төрт жолақты магистраль салынуда. Қазіргі таңда асфальтбетонның төменгі қабаты төселіп, үш теміржол өткелі қайта жаңартылып жатыр.

Құрылыс алаңын аралаған өңір басшысы жұмыс қарқынының баяулығын және жұмысшылар санының жеткіліксіздігін атап өтті. Ол мердігер ұйымдарға техника мен адам күшін көбейтіп, құрылыс-монтаждау жұмыстарын 25 тамызға дейін толық аяқтауды тапсырды.

«Құрылыс қарқыны қойылған міндетке сай емес. Кесте сақталмаса, заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуларыңыз мүмкін», – деді Болат Ақшолақов.

Сондай-ақ облыс әкімі «Өркен» және «Нұрсая» ықшамаудандарында салынып жатқан екі жаңа емхананың құрылысымен танысты.

Әрбір емхана бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады. Медициналық нысандарда кеңес-диагностикалық бөлімдер, зертханалар, күндізгі стационар, профилактика және оңалту бөлімшелері, компьютерлік томография мен сәулелі диагностика кабинеттері қарастырылған.

Қазіргі таңда «Өркен» ықшамауданындағы емхананың құрылысы 70 пайызға, ал «Нұрсаядағы» №5 емхананың дайындығы 90 пайызға жеткен. «Өркен» емханасы пайдалануға берілгеннен кейін «Өркен», «Балауса» шағынаудандары мен Еркінқала ауылының тұрғындарына қызмет көрсетсе, №5 емхана шамамен 30 мың тұрғынды қамтиды.

Құрылыс барысында жерасты суларының жоғары деңгейі анықталып, осыған байланысты жобалық шешімдер қайта қаралып, алаңдарды құрғату үшін инелі сүзгі технологиясы қолданылған.

Аймақ басшысы екі емхананың құрылысын биылғы қазан айының соңына дейін аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, нысандар пайдалануға берілген бойда тұрғындарды қабылдауды бастау үшін барлық лицензиялар мен рұқсат құжаттарын алдын ала рәсімдеуді міндеттеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий