«Киімі де табылмаған»: Қызылордада жоғалып кеткен 16 жастағы қыздың мәйіті су арнасынан табылды

08.06.2026 08:49 Мөлдір ҚАЙНАР
«Киімі де табылмаған»: Қызылордада жоғалып кеткен 16 жастағы қыздың мәйіті су арнасынан табылды
71
Фото: видеодан скриншот

Қызылорда облысының Шиелі ауданында үйінен шығып кетіп, бір тәулік бойы іздеуде болған 16 жастағы Балсұлу Өмірзақтың денесі су арнасынан табылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Марқұмның туыстары қыздың өліміне қатысты күмәнді жайттардың көп екенін айтып, оны біреулер азаптап өлтірген болуы мүмкін деп отыр. 

Марқұмның анасы Гүлжайна Қалдыбаеваның айтуынша, Балсұлу 2 маусым күні кешке құрбысының шақыруымен үйден шығып кеткен. Алайда сол түні үйге оралмаған. Мұны отбасы мүшелері келесі күні таңертең ғана байқап, бірден іздеу жұмыстарын бастаған.

Туыстарының сөзінше, жасөспірімді еш жерден таба алмаған. Кейін кешкі уақытта оның мәйіті көрші Ыбырай Жақаев ауылындағы су арнасынан табылғаны белгілі болған.

«Қызымның үстінде киімі болмаған. Аяқ киімі де жоқ. Киімдері әлі күнге дейін табылған жоқ. Телефоны да жоғалған. Біз оның өлімі кездейсоқ болғанына сенбейміз. Қызымды қинап өлтірген сияқты», – дейді анасы көз жасын тыя алмай.

Марқұмның жақындары Балсұлудың түн ішінде ауыл шетіндегі су арнасына жалғыз баруы мүмкін емес екенін алға тартады. Сондықтан олар оқиғаның барлық мән-жайын мұқият тексеріп, кінәлілерді қатаң жауапқа тартуды талап етуде.

Ал Қызылорда облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді

«Алдын ала мәлімет бойынша, қыз 2 маусым күні кешкі уақытта үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Қазіргі уақытта күдіктіні анықтау және ұстау бағытында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан кейбір ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деді облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек Бексейітов.

Қазір қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерттеліп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий